Көліктегі кондиционер қыстан кейін тексеріп, базалық техникалық қызмет көрсетуді қажет етеді — бұл аптап ыстықтағы жайлылыққа ғана емес, бүкіл жүйенің қызмет ету мерзіміне де әсер етеді.Tengri Auto сарапшыдан кондиционерді жазға қалай дұрыс дайындау керектігін білді.
Суық кезде көліктегі кондиционер аса пайдаланылмайды, содан нығыздағыш кеуіп, хладагент азайып, желдету жүйесінде кір жиналуы мүмкін.
Сонымен қатар, буландырғыш пен ауа өткізгіште қыс бойы ылғал жиналып, бактерия үшін қолайлы орта тудыралы және алғаш қосқан кезде жағымсыз иістің пайда болуына әсер етеді. Егер уақытында техникалық қызмет көрсетілмесе, бұл салқындату тиімділігінің төмендеуіне ғана емес, компрессордың шамадан тыс жүктелуі сияқты күрделірек ақауға әкелуі мүмкін.
Автомобиль блогері Анатолий Русевтің айтуынша, назар аударуға тұрарлық бірнеше негізгі қадам бар.
Жүйені тексеру
Ең алдымен, кондиционердің жалпы жұмысын тексеруден бастаған жөн. Қарапайым тексерудің өзі қандай да бір ақаудың бар-жоғын немесе жүйенің маусымға дайындығын анықтауға мүмкіндік береді.
"Бірінші кезекте жүйені толық қуатында қосып, дыбысына құлақ түру керек. Бөтен шу, белдіктің ысқырығы немесе діріл — бұл сервис орталығына жүгінуге себеп болады. Егер ауа 3-5 минуттан кейін ғана салқындаса, демек жүйедегі қысым төмендеген болуы мүмкін", - деп түсіндірді сарапшы.
Радиатор тазалығы
Русевтің сөзінше, көптеген жүргізуші кондиционер радиаторына мән бермейді. Дегенмен, тиімді салқындатуға дәл осы бөлшек жауап береді.
"Ол шаң-тозаң мен кір сияқты сыртқы факторларға ең бірінші болып төтеп береді. Уақыт өте келе оған шаң, мамық пен кір толуы мүмкін. Бұл жылу алмасуды нашарлатады, салдарынан кондиционер үлкен жүктемемен әрі нашар жұмыс істей бастайды, бұл болашақта жүйе ресурсының азаюына әсер етуі мүмкін", - деді ол.
Сарапшы радиаторды абайлап жуып, ламельдерін зақымдап алмас үшін қатты қыспауды ұсынады.
Салон сүзгісі
Салон сүзгісіне де ерекше назар аударған жөн — бұл бөлшек көбінесе ең соңында еске түседі. Соған қарамастан, салондағы ауа сапасы мен кондиционер жұмысының тиімділігіне дәл осы сүзгі әсер етеді.
"Қыс бойы сүзгіге ылғалды шаң мен реагенттер жиналады. Егер салонда жағымсыз иісі пайда болса, онда бактериялар орнығып үлгерген. Маусымды әрқашан жаңа көмір сүзгісінен бастаңыз. Бұл денсаулықты да, желдеткіштің ресурсын да сақтауға көмектеседі", - деді Русев.
Фото: depositphotos.com
Жүйені қайта толтыру
Толықтай жарамды кондиционердің өзі уақыт өте келе хладагенттің бір бөлігін жоғалтады — бұл қалыпты процесс. Біріктірілген жерлер мен тығыздағыш арқылы аздап ағып кетеді, соның салдарынан салқындату тиімділігі біртіндеп төмендейді.
"Ақаусыз жүйенің өзінде бір жыл ішінде фреонның 10 пайызына дейін ұшып кетуі мүмкін. Нәтижесінде жүйе ұзақ әрі үлкен жүктемемен жұмыс істеп, салон бұрынғыдай тез салқындамайды", - деп түсіндірді сарапшы.
Оның айтуынша, екі жылда бір рет вакуумдау және майды ауыстырумен қоса толық профилактикадан өткен дұрыс.
Бактериялардан тазарту
Тағы бір маңызды кезең — жүйені тазалау. Бұл тек сыртқы элементтерге емес, сонымен қатар уақыт өте келе ылғал, шаң мен бактериялар жиналатын ішкі желдету каналдары мен буландырғышқа да қатысты. Тазаланбаған кондиционерден жағымсыз иіс шығып, салондағы ауа сапасы нашарлайды, бұл әсіресе ұзақ үзілістен кейін алғаш қосқанда білінеді.
"Буландырғыш — бактериялар үшін таптырмас орын. Өз бетінше дайындалу үшін арнайы "түтін шашкаларын" немесе көбікті тазартқыштарды қолдануға болады. Бұл жағымсыз иісті кетіріп, лас ауадан ангина жұқтыру қаупін сейілтеді", - деді ол.
Жүргізушілердің қателігі
Қорытындылай келе, сарапшы кең таралған қателікке тоқталды.
"Көлік күн астында қызып тұрғанда, көпшілік кондиционерді бірден ең төменгі температураға қосады. Бұл техника үшін де, ағза үшін де үлкен стресс. Мен мынадай кеңес бере едім: алдымен терезелерді бірнеше минутқа ашып, салонды желдетіп алыңыз, содан кейін ғана жүйені қосым, температураны біртіндеп төмендетіңіз", - деп түсіндірді Русев.
Ол кондиционердің пайдасы тек жазда емес екенін айтты.
"Есіңізде болсын, кондиционер тек салқын емес, жаңбырлы күні терезелердің булануымен қарсы көмектесетін құрғақ ауа да шығарады", — деді сарапшы.
Жаздың қамын көктемде ойлап, кондиционерге күтім жасап алыңыз.