"Колёса" порталында Қазақстанда 2015 жылдың ақпан айында ең көп сатылған 10 көліктің тізімі жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Колёса" порталында Қазақстанда 2015 жылдың ақпан айында ең көп сатылған 10 көліктің тізімі жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Порталдың мәліметінше, өткен айда ең көп сатылған көлік - LADA Granta. Қаңтар айында мұндай маркалы көліктердің 910-ы сатылса, ақпан айында 1205-і сатылған. Екінші орында - Hyundai Accent, ақпан айында оның 1103-і жаңа қожайындарын тапты. Ал үшінші орында LADA Largus тұр, сатылған көліктердің саны - 909.
Тізімнің одан кейінгі орындарында LADA Priora, Kia Rio, LADA Kalina, Volkswagen Polo Sedan, Hyundai Elantra, Toyota Corolla мен Renault Logan автокөліктері тұр. Ең көп сатылған көліктер туралы толық мағлұматты мына жерден көруге болады.
Жалпы, ақпан айында көлік саудасы елімізде 18 пайызға артқан. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазақстандықтар ақпан айында 30 мыңға жуық автокөлікті сатып алыпты, бұл қаңтар айымен салыстырғанда 9 мың автокөлікке артық. Мамандар автокөлік нарығындағы мұндай жоғары көрсеткішті дилерлік орталықтардың ұйымдастырған жеңілдіктерімен байланыстырып отыр.
"Қазақстандық автобизнес қауымдастығы мамандарының айтуынша, ресми сектордағы сатылымның күрт өсуі дилерлік орталықтардың көпшілігіндегі 10-нан 50 пайызға дейінгі жеңілдіктермен байланысты. Соның нәтижесінде, жеңіл автокөліктердің ақпан айындағы орташа құны 25 384 доллардан (қаңтар) 18 817 долларға дейін түсті. Бағаның төмендеуінен бөлек, бірнеше жылға тегін қызмет көрсету мен нөл пайыздық мөлшерлемемен бөліп төлеу сатып алушыларды өзіне тартып отыр", - делінген жарияланымда.