Семей тұрғыны Ислам Жұматаев қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының бәкісін 23 мың долларға сатады, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.
Семей тұрғыны Ислам Жұматаев қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының бәкісін 23 мың долларға сатады, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.
Ислам Жұматаевтың айтуынша, ұлы ақын кезінде бұл пышақты оның атасына сыйлаған екен. Бірақ мұны ауызша айтқанымен, қарияның қолында нақты дәлел жоқ. Ал жергілікті музей мамандары қаншама дерек көздерін ақтарып көргенімен, оған қатысты мәлімет таба алмаған.
Телеарна тілшілерінің мәліметінше, 1890 жылдары Абай елін қатты жұт жайлапты. Сол кезде үйір жылқыны аман алып қалу үшін Мейрамғали деген байдың қыстауында бір жыл отырған екен. Бәкі сол байдың баласына сыйға тартылған көрінеді. Енді ақсақал әулетте бір ғасырдан аса уақыт бойы сақталып келген құнды затты сатуға бекініп отыр. "Текке бермеймін. 23 мың доллар ақша. Маған сол үйіме жетпеген ақшаға жігіттер көмектессе, сол адамға беремін. Соншама жыл сақтап келіп, ешкімге тегін бермеймін", - деді Семей қаласының тұрғыны Ислам Жұматаев.
Бәкі жезбен көмкеріліп, мұсылманша безендірілген. Жүзі әлі бір рет те қайралмапты. Ал жергілікті мұражай мамандары кезінде Абай елін жұт жайлап көшкенін растағанымен, бәкіні сыйға тартқаны жөнінде ешқандай дерек таппаған. Ал Абай қорық-мұражайы директорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева музей қорында сақталған естеліктер мен ұрпақтарының жазбаларының ешқайсында осындай затты Абайдың біреуге сыйға тартқаны жайлы дерегі жоқ екенін айтады. "Мүмкін, әлі іздеу керек шығар. Сонда мәліметтің табылып қалуы да ғажап емес. Бірақ бүгінгі күнге дәлелдеме негізі өте аз болып тұр", - деді музейдің директор орынбасары.
Оның үстіне, бәкіні сатып алмақ түгілі мұражайға тегін өткіземін десе де, мамандар қабылдамаймыз деп отыр. Себебі, ол арнайы тексерістен өтпеген және бәкіге қатысты ешқандай нақты дәлел жоқ. Ал оны тексерістен өткізу қомақты қаражатты талап етеді. Ондай ақша ақсақалдың да және мұражай қызыметкерлерінің қолында жоқ.
Ақсақал бәкіні 2009 жылы Алматыдағы Әбілхан Қастеев мұражайы мен Мәдениет министрлігіне де апарып көрсеткен. Олар тек бұл затты шет жаққа асырмауды өтініпті. Енді тарихи затты елімізде сатып алушы табылмаған жағдайда Ислам Жұматаев, оны интернет арқылы аукционға шығармақ ниетте.
Дереккөз: "КТК" телеарнасы.