13 қазан 2019 | 16:30

Алматы облысында Ілияс Жансүгіровтің ескерткіші орнатылды

ПОДЕЛИТЬСЯ

© zhetysu.gov.kz © zhetysu.gov.kz

Жыр жампозы, қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына орай туған жері Алматы облысының Жансүгіров кентінде ақынның 5 метрлік еңселі ескерткіші орнатылды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 


Иконка комментария блок соц сети

Жыр жампозы, қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына орай туған жері Алматы облысының Жансүгіров кентінде ақынның 5 метрлік еңселі ескерткіші орнатылды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Дүбірлі тойдың беташары болған салтанатты шараға облыс әкімі Амандық Баталов, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері, меценат Жақсылық Үшкемпіров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, танымал журналист Нұртілеу Иманғалиұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек және бірқатар қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, аудан халқы қатысты.

Ескерткіштің шымылдығы түсіріліп, ақынға тағзым шаралары атқарылғаннан кейін сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов дүбірлі тойдың басталуымен барша қауымды құттықтады.

"Бүгін туған жерінің төрінен Ілияс ақынға арналып еңселі ескерткіші орнатылып отыр. Бұл - елінің тарлан талантқа деген құрметі, ерен ерге деген тағзымы деп білеміз. Ақын шығармаларынан Құлагердің дүбірі, даланың жыры, қобыздың үні, домбыраның күмбірі есіп тұрады. Осы даналық ізі, ұлылық биігі - ұрпақтың ойына қуат, бойына нәр беретін баға жетпес байлық. Бұл орайда Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы әлеуметтік-мәдени салалардың тың серпінмен дамуына ерекше ықпал етіп отыр. Меценаттардың экономиканың басқа салаларымен қатар, мәдениетке қолдау көрсетуі руханиятқа қызмет еткені деп түсінеміз. Әсіресе, кәсіпкер азаматтар бағдарламаны жүзеге асыруға, туған жерін көркейтуге белсене атсалысып келеді. Бүгінгі шара - соның айқын көрінісі", - деді Амандық Баталов.

Сондай-ақ, облыс әкімі осындай игі істің атқарылуына мұрындық болған меценат пен мүсіншінің еңбегін ерекше атап өтті. 

Мұнан соң сөз алған ардагер журналист Нұртілеу Иманғалиұлы қазақтың маңдайына біткен үш арысының - Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің бөлінбейтін үш тұғыр екендігін еске сала отырып, бұл мерейтойдың ілиястану саласына тың серпін, жаңа бір тынысын ашып бергенін айтты. Ақынның 20 томдығын шығару, "Ілияс ізімен" экспедиция құрып, Мәскеуге сапарын ұйымдастыру шараларына қолдау көрсеткен, мерейтойдың кең көлемде, жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған облыс басшылығына көптің атынан ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар төл перзентіміздің тойы деп бар ықылас-пейілдерін танытқан ақсулықтарға да шын көңілден алғыс айтты. Сондай-ақ ақынның тойы бұдан әрі Талдықорғанда, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында және ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен Түркияда өтетінін қуанышпен жеткізді. 

Ескерткіш алдында ақын тойына жолдаған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың құттықтау телеграммалары оқылды. 

Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып бүгін алаш арысының тұғырына қайта қонған тарихи күні екенін айта келіп, ақынға өлең арнады. Ал жетісулық ардагер, Алматы облысының Құрметті азаматы, қарымды қайраткер Наурыз Қылышбаев ақынның "Жетерміз бе тілекке" атты өлеңін тағдырымен ұштастыра отырып оқып, мұрасының мәңгілік екенін атап өтті. 

Осы жиынға Қызылжар өлкесінен арнайы келген Бейімбет Майлиннің немересі Дәмен Әбілқасымқызы да сөз алып, кезек-кезегімен тұтқындалып кеткен үш арыстың артында қалған жұбайларының бір-бірінің балаларына қалай қамқорлық танытқаны, қиын сәттерде бір-біріне сүйеу, демеу бола білгені туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. "Сәкен, Бейімбет, Ілияс аталарымыздың тойы - барша қазақтың ортақ тойы", - деді Д.Әбілқасымқызы.

Атап өтсек, Жансүгіров кентінің орталық алаңына қойылған еңселі ескерткіштің авторы - Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, мүсінші Қазбек Дулатов. Ескерткіштің дайындалуына қаржылық қолдау көрсеткен меценат - Молдияр Нұрбаев.

Бұдан әрі той Жансүгіров кентіндегі орталық стадионда театрландырылған шарамен жалғасты. Осы ортада көпшілікке жылы лебізін білдірген облыс әкімі Амандық Баталов облыстағы руханият саласында, тарихты тану бағытында атқарылып жатқан шараларға қысқаша тоқталып өтті. Күні кеше Қарасай батырға еңселі ескерткіш қойылса, бүгін Ілияс ақынның аты ардақталып, граниттен құйылған мүсінінің тұғырға қонғанын тілге тиек етті. Ақсу өңіріндегі экономикалық, рухани ілгерілеушіліктерді билік пен халық әрдайым бірлесіп атқарып отырғанын да айтты. Алдағы уақытта да елдің берекесімен, көптің көмегімен бұдан да ауқымды істер атқарылатындығына сенім білдірді. Осы сахнада ілиястанушы ғалымдар Мұратбек Иманғазинов пен Кәмилә Қоқымованың ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты архив деректері бойынша дайындалған зерттеу кітаптарының тұсауы кесілді.

Мерейтой аясында ақынның "Құлагер" шығармасы белгілі режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Сәулебек Асылханұлының сценариімен дайындалып, режиссерлігімен сахналанды. Басты рөлдерді Бейбіт Қарманов, Асқар Мұқият, Майра Омарова сынды белгілі актерлар сомдап, жергілікті өнер ұжымдары атсалысты, бір тыныспен, керемет үйлесіммен қойылған көрініс стадион толы көрермендердің көңілін ерекше әсерге бөледі.

Осы күні спортсүйер жастар көкпардың көрігін қыздырды. Ақынның аруағына арнап ас берілді. "Дала дастаны" спектаклі қойылды.

 

Еске салсақ, мерейтойлық шаралар ертең Талдықорғанда жалғасып, той қонақтары музей, кітап, сурет көрмелерін тамашалайды, ақын шығармаларының 20 томдығының тұсауы кесіліп, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Республикалық жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталып, "Талдықорған" ипподромында ұлттық ат спорты түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, І. Жансүгіров Мәдениет сарайында мерекелік концерт болады.

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 498.59   521.12   4.87 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети