Өскеменде Астана қаласындағы "Фолиант" баспасынан шыққан "Алтай-Ертіс кітапханасы" сериясының үшінші топтамасының тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ШҚО ақпараттық орталығына сілтеме жасап.
Өскеменде Астана қаласындағы "Фолиант" баспасынан шыққан "Алтай-Ертіс кітапханасы" сериясының үшінші топтамасының тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ШҚО ақпараттық орталығына сілтеме жасап.
"Алтай-Ертіс кітапханасы" сериясының 20 томдығы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен 2012-2013 жылдары жарық көрген болатын. Ал үшінші топтама Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойына лайықты сый болатын кітаптармен ерекшеленді". - делінген баспасөз хабарламасында. Мұнда Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясының томдары, Абай еңбегін тереңдете зерттеген Қайым Мұхамедхановтың еңбегі, профессор Арап Еспенбетов пен ақын Әріп Тәңірбергеновтің шығармалары жарық көрді. Жиында, сонымен қатар, ауған соғысының ардагерлеріне арналған "Азалы кітап" пен "Шығыс Қазақстан" энциклопедиясының тұсауы кесілді.
"Биылғы жыл - Қазақ Хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, ҚХА мен Конституцияның 20 жылдығы, сондай-ақ Ұлы Абайдың 170 жылдығы сынды айтулы мерекелер жылы. Атаулы күндерді халқымыз тойлау үшін емес, болашақты ойлау үшін атап өтетіні сөзсіз. Осы орайда, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі осы жылы бірқатар маңызды шараларды өткізбек. Соның бастамашысы ретінде бүгінгі кітаптардың тұсаукесерін атап өтуге болады", - деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, ақын Ұлықбек Есдәулет, ғалым-филологтар Арап Еспенбетов пен Бауыржан Ердембеков, ғалым-орнитолог Борис Щербаков, сондай-ақ Абайдың барлық өлеңдері мен поэмаларының барлығына ғылыми түсініктеме жазған Қайым Мұхамедхановтың ұлы Қанағат Мұхамедханов, ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлер, зиялы қауым өкілдері келді.