Қазақтың белгілі жазушысы, ақыны, философы, аудармашысы әрі драматургі Әуезхан Қодар қайтыс болды. Бұл туралы ақын Ақберен Елгезек Facebook желісінде хабарлады.
Қазақтың белгілі жазушысы, ақыны, философы, аудармашысы әрі драматургі Әуезхан Қодар қайтыс болды. Бұл туралы ақын Ақберен Елгезек Facebook желісінде хабарлады.
"Әуезхан Қодар ағамыз дүниеден өтті деген қаралы хабар алып жатырмыз. Кеше ғана жас қаламгерлер туралы сериалы мақалалар жазып, жас таланттарға серпін берген ағамыздан айырылып қалғанымыз өкінішті-ақ. Бағасын білдік пе, жоқ па, ол да сұрақ... Қазақ ойының бір үлкен асқары еді, жарықтық. Иманы жолдас, жаны жәннаттық болсын. Алла алдынан жарылқасын", - деп жазды Ақберен Елгезек.
Әуезхан Қодар - 1958 жылы 12 маусымда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қармақшы совхозында дүниеге келген. 1982 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. 1982-1985 жылдары Қызылорда облысы Қармақшы ауаткомының жасөспірімдер жөніндегі комиссияның хатшысы, заңгер. 1985 жылдан бастап туындылары республикалық және одақтық баспасөзде жариялана бастады. 1986 жылы республикалық шығармашылық жастардың "Жігер" фестивалінің лауреаты.
1989-1994 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы көркем аударма және әдеби байланыстар жөніндегі редакциялық Бас алқасында орыс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1994 жылдан бері Қазақстан халықтарының мәдениетін қорғау жөніндегі "Алтын ғасыр" қоғамдық бірлестігінің президенті. 1995-1997 жылдары М.О.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының көркемдік кеңесінің мүшесі. 1997-1998 жылдары Неміс театр академиясында философия тарихынан сабақ береді. 1999 жылдан бері "Тамыр" журналының бас редакторы. 1999-2001 жылдары Сорос-Қазақстан халықаралық қорының Басқарма мүшесі. Философия ғылымдарының кандидаты.
Қазақ және орыс тілінде жазады. "Туған күн", "Ақеділдің анты" пьесаларының (1986), "Қанатты өрнек" (1990), "Абай (Ибраһим) Құнанбаев" жинағының (1996), "Еске алмау шеңбері" (1998), "Қазақ әдебиетінің тарихына шолу" (1999) кітабының, "Қанағат қағанаты" жинағының (1994) авторы. Орыс тіліне Абай, Мағжан, Жұматай Жақыпбаевтың шығармаларын аударған. Қазақ тіліне Е.Замятиннің "Атилла" драмасын, М.Хайдеггер мен Х.Гасеттің философиялық еңбектерін, К.Швиттерстің өлеңдерін аударған. "Батыс философиясы антологиясының" авторы және ұйымдастырушысы. "Астана" медалімен марапатталған (1998). "Парасат" орденінің иегері (2006).