Болгариядағы София университетінде қазақ тілі және Қазақстан тарихы мен мәдениетін зерделеу орталығы ашылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Орталықтың салтанатты ашылу рәсімі 18 наурызда Наурыз мерекесінің қарсаңында София университетінің Шығыс тілдері мен мәдениеті орталығында өтті.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шара барысында Қазақстанның Болгариядағы Дипломатиялық миссиясының басшысы Теміртай Ізбастин мен София университетінің ректоры Илчев Қазақстанның Болгариядағы Дипломатиялық миссиясы және София университеті арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
"Меморандум қазақ және болгар тараптарына мәдениет, ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. "Қазақ тілі" пәнін оқытуды Еуропада алғаш рет болгар түріктанушысы Емил Боев София университетінің академиялық бағдарламасына енгізген. Бүгін Қазақстанның Болгариядағы Дипломатиялық миссиясы мен Құрметті консулдығының күш-жігерлерінің арқасында, София университетінің қолдауымен, Қазақ тілі орталығы жөнделіп, қазақ тілін үйренетін студенттер үшін заманауи жабдықпен және оқу құралдарымен қамсыздандырылды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, орталықтың ашылу рәсімінде Қазақстан азаматтары және диаспора өкілдері, шет мемлекеттер дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары, депутаттар, Болгарияның баспасөз, академиялық және қоғамдық орталарының өкілдері болды.