Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев дүниеден өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев дүниеден өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл жөнінде саясаттанушы Айдос Сарым Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
"Рахаң, Рақымжан Отарбай ағаның дүниеден өткеніне сене алмай отырмын... Төбеден жай түскендей...", - деп жазды ол.
Mgorod.kz порталының хабарлауынша, қазақтың белгілі жазушысы 17 ақпанға қараған түні Атырауда қайтыс болған.
Рахымжан Отарбаев 1956 жылы 19 қазанда Атырау облысы Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Отарбаев - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы акдемиясының академигі, Парасат орденінің иегері (2013). Сонымен қатар, Атыраудың және Құрманғазы ауданының құрметті азаматы.
Отарбаев 1977 жылы Орал педагогика институтын бітірген. Әр жылдарда "Орал өңірі" газетінде тілші, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қазақ телерадио комитетіне редактор, "Қазақ әдебиеті" газетінде, "Жалын" альманахында бөлім меңгерушісі болып қызмет етті.
Қырғызстанда Қазақстан елшілігінің атташесі, Маңғыстау облыстық радио-телевидение компаниясының төрағасы, Атырау облыстық драма театрының директоры, ҚР Президенті Әкімшілігінде сектор меңгерушісі және тағы да басқа лауазымды қызметтерінде болды.
Сонымен қатар, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың Бас директоры және өмірінің соңғы жылдарында Атырау облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі болды.
Жазушының әр жылдары "Шер", "Жұлдыздар құлаған жер", "Жайық жыры", "Қараша қаздар қайтқанда", "Дауысыңды естідім", "Отверженный мир" атты прозалық жинақтары және таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрген. Қытайдың "Ұлттар" баспасынан қытай, қазақ тілінде 2 томдығы, Ресейдің "Художественная литература" баспасынан орыс тілінде бір томдығы және қырғыз тілінде кітаптары жарық көрген.
Сонымен қатар, жекелеген шығармалары түрік, араб, ағылшын тілдерінде басылған. "Бейбарыс сұлтан", "Бас", "Нашақор жайлы новелла", "Нұржауған-ғұмыр", "Сырым батыр", "Мұстафа Шоқай" сынды пьесалары республикалық және шетел театрларында сахналанған.