12 тамыз 2019 12:36

Мәдениет үйіне Баққожа Мұқай есімі берілді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматы облысы Нарынқол ауданының орталығындағы Мәдениет сарайына Баққожа Мұқайдың есімі берілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Алматы облысы Нарынқол ауданының орталығындағы Мәдениет сарайына Баққожа Мұқайдың есімі берілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Шара аудан басшысы Жолан Омаровтың және ұрпақтарының ұйымдастыруымен ресми түрде аталып өтті.

Айта кетейік, осыдан аз уақыт бұрын Нарынқол аудандық Мәдениет үйіне қазақтың классик жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Баққожа Мұқайдың есімі берілгені туралы Үкіметтің арнайы Қаулысы шыққаны ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарық көрген болатын.

Көңіл толқытар өте жоғары деңгейде өткен іс-шараға көрнекті жазушы Баққожа Мұқайдың қаламдас әріптестері, достары, ізбасар інілері, қалың оқырман қауым, сүйген жары Нұржамал Ахметқызы бастаған әулет мүшелері, туыс-туғандары қатысты.

Қасиетті Аспантаулар аясында өткен салтанатты жиынның лентасын ақын-драматург,Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин,көрнекті ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалина,жазушы,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай, ақын Айтақын Әбдіқал ресми түрде қиды. Жазушы атындағы сарайда өткен Б.Мұқаидың шығармашылығы мен өміріне арналған конференцияны Н.Оразалин жүргізді. Алқалы басқосуда С.Елубай, О.Қарабалина, А.Әбдіқал, Ж.Аупбаев, Ж.Әшімжан, Ы.Бектұрсынұлы, Б.Беделхан, Д.Мағлұмов қаламгердің шығармашылығы мен болмысы туралы жүрекжарды ойларын жеткізді. Сұлушаш Нұрмағамбетова сынды өнер саңлақтары әннен шашу шашты. 

Жиын соңы Ерлан Баққожаұлы бастаған ұрпақтарының әке рухына бағыштаған Асқа ұласты.

Айта кетейік, Баққожа Мұқай 1948 жылы 31 қаңтарда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында өмірге келген. 1971 жылы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін бітірген. 1965 жылы Кеген (қазіргі Райымбек) аудандық "Коммунизм нұры" (қазіргі "Хантәңірі") газетінде еңбек жолын бастаған. 1970-1988 жылдар аралығында "Білім және еңбек", "Жұлдыз" журналдарында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеген. 1990-1995 жылдарда Мәдениет министрлігінің репертуарлық редакциялық алқасында Бас редактор, бас басқарма бастығы болған. 1990 жылы облыстық "Қазақ тілі" қоғамын ұйымдастырып, басшылық жасады.

Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының мүшесі. Бірнеше медальмен марапатталған. "Парасат" журналының Бас редакторы болды. Жазушы "Жалғыз жаяу", "Өмірзая" атты романдары мен "Жаңбыр жауып тұр", "Өмір арнасы", "Аққу сазы", "Мазасыз маусым", "Дүние кезек", "Тоят түні", "Жеті желі", "Алғашқы махаббат", "Ертегідей ертеңім" атты кітаптардың авторы.

Қаламгердің шығармалары тәжік, қырғыз, белорус, якут, татар, башқұрт, чех, орыс, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, корей тілдеріне аударылған. Орыс тілінде 1984 жылы "Водоворот", 1988 жылы "Белая птица" атты кітаптары шыққан. Оннан астам драмалық шығармалары Қазақстандағы және шет елдердегі театрларда қойылған. Бірқатар жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударған. "Қош бол, менің ертегім" пьесасы мен "Аққу сазы" хикаялар кітабы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағы (1982), Қырғызстан Республикасының Т.Әбдімомынов атындағы әдеби сыйлығы (1995), "Өмірзая" романы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілген (2000). "Парасат" орденінің иегері (2006).

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети