Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде "Мақтымқұлы және дәстүрлі түркі поэзиясы" атты халықаралық конференция басталды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде "Мақтымқұлы және дәстүрлі түркі поэзиясы" атты халықаралық конференция басталды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Тағылымды шараны Түркі академиясы Түрікменстанның Қазақстандағы елшілігі мен Түрікменстан Ғылым академиясымен бірлесіп өткізді. Мақтымқұлы Пырағы тек түркімен ұлтының ғана емес, күллі Шығыс позиясының жарық жұлдызы. Биыл оның туғанына 290 жыл толып отыр. Осыған орай, ТҮРКСОЙ халықаралық түрік мәдениеті ұйымы 2014 жылды классик ақын Мақтымқұлы мен қырғыз ақыны Тоқтағұл Сатылғановтың жылы деп жариялаған еді.
Бұл халықаралық конференцияға екі елдің зиялы қауымдары қатысты. Шара барысында Мақтымқұлының өмірінен сыр шертетін көрме ұйымдастырылды. Конференция екі халықтың рухани байланысын одан сайын арттыра отырып, көрнекті тұлғаның мұраларын жалпы бұқараға насихаттауды көздейді.
"Бұрынғы уақыттары мұндай тұлғаларды әр елде оқыту жақсы жолға қойылған болатын. Сол шақтары қазақ баласы түрікменнің ақындарын білетін, олар біздің ақындарды жата-жастана оқитын. Қазір әр мемлекет өз алдына жеке бөлінгеннен кейін мұндай үрдіс қалып қойды. Сондықтан осындай шара аясында тұлғаларды кеңінен насихаттап, танытуды жолға қою керек", - дейді ақын, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин.
Мақтымқұлы мерейтойы жыл басында ТҮРКСОЙ-дың қолдауымен Анкарада басталған еді. Одан кейін Қазақстан, Қытай, Жапония, Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінде жалғасын тапты. Ақынның мерейтойы жыл бойы әлемнің 30-дан астам мемлекетінде аталып өтпек.