Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр.
Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр.
Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Анар Қажымұқанқызының шығармасын ұсынамыз.
Анар Қажымұқанқызы Ахмет - 1989 жылы 16 қыркүйекте Қызылорда облысы, Арал қаласында дүниеге келген. Қазақ-Америка Университетінде "Журналистика" мамандығы бойынша білім алған.
Қатысушы байқауға жіберген шығармасын Алматыға арнаған.
"Жұмыс барысымен, осы қала туралы бағдарлама жасадым. Атауы дәл сондай – Арман қала. Әр саны – қаламыздың көрнекті, тарихи, заманауи, мәдени орындары туралы болған еді. Бағдарламаны жасаған сайын, менің Алматыға деген махаббатым арта түсті. Алып шаһар, расымен, талай тарихты қойнауында жасырып жатыр. Оған үңілген жанның қай-қасысы болмасын, бей-жай қалмасы анық. Күнделікті күйбең тірлікпен көптеген дүниені байқамай жатамыз... Жұмысқа бара жатып, айналаңызға қараңызшы! Табиғаттың кереметін байқаңыз! Кешке, жұмыстан қайтқанда, мың бояулы мегаполистің әр қилы шамдарына назар аударыңыз! Жыраққа кеткенде дәл осы суретті сағынасыз! Мен сағынам!
Демалыста театрға, саябаққа, мұражайға барсаңыз, жан дүниеңіз өзгеріп қайтасыз. Өздеріңіз білетіндей, Алматы – еліміздің мәдени орталығы. Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Қаланың тынысымен танысамын деген жанға – барар орын қашан да табылады. Бір қызығы, қала тұрғындары мұндай орындарға мән бере бермейді. Оған дәлел ретінде, ойланып көріңізші, мына тұрған Медеу мен Шымбұлаққа қашан бардыңыз? Соңғы рет театрда қашан болдыңыз? Музейлердің табалдырығын аттамағаныңызға қанша болды? Жауабын мен де іштей біліп отырмын... Ауыл-аймақтан туыстар келгенде, қыдыртып апарып келген боларсыз?! Ал дәл осы жерлерде жан дүниеңіздің байлығы тұнып тұр. Көптеген туристер дәл осындай мекендерді көруге ат терлетіп алыстан келеді, ал біз барымызды бағаламайтынымыз өкінішті. Жә, бұны жазғандағы мақсатым, жарнама жасау емес. Айналаңызға көз тастап, қолда бар байлығымызды бағалауға шақыру. Сіз қандай мақтанышпен туған өлкеңізді сүйсеңіз, ертең сіздің ұрпағыңыз да тамсана Отаны туралы сөз қозғары анық...", - деп жазған Анар Қажымұқанқызы.
Қатысушының толық шығармасын Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Айта кетейік, қатысушылардың эсселері [email protected] поштасында 2019 жылдың 24 мамыр-20 шілде аралығында қабылданады. Отан тақырыбындағы үздік проза (эссе, әңгіме) бойынша төмендегідей жүлделер тағайындалады:
1-орын 300 000 теңге;
2-орын 150 000 теңге;
3-орын 100 000 теңге.