Танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Түсіпбаеваның жазылып жатқан кітабының атауы мен мәнін Интернет қолданушылары дұрыс түсінбеген. Бұл туралы әнші Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Түсіпбаеваның жазылып жатқан кітабының атауы мен мәнін Интернет қолданушылары дұрыс түсінбеген. Бұл туралы әнші Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Түсіпбаеваның айтуынша, оның жазылып жатқан кітабы әншінің өміріндегі ең маңызды ер адамдар жайында болады. "Әлдекімдердің ойлап қалғанындай емес, адами тұрғыдағы кітап болады, жеңіл, жеңілтек емес, салмақты, өмірлік мән-мағынасы бар кітап болады деп жоспарланып отыр. Әкеммен, күйеуіммен қарым-қатынасым, 23 жасында қайтыс болған інім жайлы, балам жайлы болады", - деді ол.
Сонымен қатар, орындаушы Интернет қолданушыларының оның кітабының атын "Менің еркектерім" деп атауына байланысты наразылық білдірді. Оның айтуынша, кітаптың атауы қазақ тілінде емес, орыс тілінде, яғни "Мои мужчины" ("Менің азаматтарым") болады. Ал оны журналистер қазақшаға "Менің еркектерім" деп тікелей аударған.
"Мен бастапқыда орысша жаздым. Орыс тілінен қазақшаға тікелей аударса, осылай болады. Мәні өзгереді. Мен онда тек күйеуімді жазамын, ал қалған ер адамдар туған туыстарым болады. Бірақ осыны дұрыс түсінбей, сынаған жұрттар болды", - деді Түсіпбаева. Дегенмен әртіс мұндай сындарды көңіліне алмайтынын айтты. "Қазақ эстрадасында үнемі сөз тиетін 5-6 адам болса, соның бірі мен шығармын, бірақ оның ешқайсысы да көңіліме тимейді. Әбден пістім. Мен, тіпті, көңіліме ештеңе тимейтінінен қорқатын болдым, - дейді әнші, - Осылай сынайды, бірақ мен қайтемін? Кімге қарсы шығып, дауласамын?".
Меруерт Түсіпбаева қазіргі уақытта шығармашылық дағдарысқа ұшырағанын, осыған байланысты кітап жазуды тоқтатқанын мәлімдеді. Сондықтан ол жазып жатқан кітаптың қашан жарыққа шығатыны әзірше белгісіз болып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін бірқатар ақпарат құралы Түсіпбаеваның "Менің еркектерім" деп аталатын кітап жазып жатқанын хабарланған болатын. Бұдан кейін Желі қолданушылары кітаптың "біртүрлі" атауын қызу талқыға салды.