Халқымыздың аяулы перзенті, қазақ сатирасының классигі, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы сыйлығының иегері Оспанхан Әубәкіровтің туғынан биыл 80 жыл толып отыр. Осы орайда Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсахановтың қолдауымен Жамбыл облысында мерейтой иесіне арналған салтанатты жиын өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Халқымыздың аяулы перзенті, қазақ сатирасының классигі, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы сыйлығының иегері Оспанхан Әубәкіровтің туғынан биыл 80 жыл толып отыр. Осы орайда Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсахановтың қолдауымен Жамбыл облысында мерейтой иесіне арналған салтанатты жиын өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сондай-ақ жергілікті әкімдіктің қолдауымен Оспанхан Әубәкіровтің 4 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.
Әзілінің салмағы бар сатираның саңлағы Оспанхан Әубәкіров 1934 жылдың 4 мамырда Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Үшбұлақ ауылында дүниеге келген. Ол Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының театр факультетін тәмамдаған. Мамандығы актер болса да, ол өзінің шығармашылығын сатирамен байланыстырды. Оспанхан Әубәкіров республикалық басылымдарда, "Ара" журналында қызмет етті. Ол сатиралық жанрмен бірге баларға арналған өлең-жыр, ертегі, пьеса, белгілі композиторлардың әндеріне мәтін жазумен және аудармамен де айналысқан. Оспанхан Әубәкіровке 1983 жылы балаларға арналған "Қағаз қалпақ" сатиралық жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығы берілген. Белгілі сатириктің отыздан астам шығармалары мен өлеңдер жинағы жарық көрді. Ол өзінің 52 жыл ғұмырында соңына өшпес із, өлмес мұра қалдырды. Оспанхан ағаның қалдырған бай мұрасын шашау шығармай жинақтап, балаларын өсіріп жеткізген жары Нұрсұлу апа салтанатты кештің құрметті қонағы ретінде қатысты.
Оспанханын еске алған туған ел-жұрты кеш барысында оның "Өзің, сәулем, іздегенім", "Біздің ауыл атақты" (Сейділдә Шәріповтің әні), "Құдаша", "Кездейсоқ махаббат", "Мұңайма" (Әсет Бейсеуовтың әні), "Біздің ағай тамаша" т.б өлеңдері мен әндерін тыңдады. Әндерді "Сүйінбай сазы" фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әншілері орындады. Салтанатты жиынға жиылған қауым "Сұлутөр" мейрамханасында Оспанхан Әубәкіровке арналған астың дастарханынан дәм татты.