Нұр-Сұлтанда өткен бокстан Президент кубогі бәсекесінде Абылайхан Жүсіпов өз мықтылығын тағы бір дәлелдеді. 69 келіде жұдырықтасқан ол турнир жеңімпазы атанып, бас бапкер Ғалымбек Кенжебаевтан оң баға алды. Ұлттық Олимпиада комитеті сайтына сұхбат берген спортшы өз деңгейіне әлі де көңілі толмайтынын айтып, тынымсыз дайындық күтіп тұрғанын жеткізді.

"Президент кубогі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бапкерлер тарапынан жақсы баға алғаным рас. Бірақ өзіме көңілім толды деп айта алмаймын. Әлі де еңбектеніп, тер төгу керек. Турнирдегі қарсыластардың барлығы да мықты боксшылар. Сондықтан, ешқайсысын бөліп-жармаймын. Финалда кездескен Талғат Шайкен жақсы боксшы. Оның болашағы алда деп ойлаймын", - дейді ол.
Абылайхан бокстағы бүгінгі өзгерістерге тоқталып, әлем чемпионаты қарсаңындағы дайындық кезеңдері туралы да сөз қозғады.
"Әуесқой бокста үлкен өзгерістер болғанын білесіздер. Бұрынғыдай 10 салмақ дәрежесі енді жоқ. Ерлер сегіз салмақта жұдырықтасады. Бұл өзгеріс бірінші кезекте салмағы Олимпиада бағдарламасынан алынып қалған жігіттерге аздап қиындық тудырды. Олимп ойындарына бір жыл қалғанда мұндай өзгерістердің болуы кімге де болса оңай емес", - дейді Абылайхан.
Бүгінде бокстан Қазақстан командасы Алматыда оқу-жаттығу жиынын бастады.
"Жаттығу ойдағыдай өтіп жатыр. 18 күн бойы тауда жаттығамыз. Әлем чемпионаты да таяп қалды. Сол себепті, дайындықты одан әрі үдету керек. Бапкерлердің нұсқауын орындап, айтқанын тыңдасақ жаман болмаймыз. Әлем чемпионатындағы қарсыластарым туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Себебі, құрама сапындағы боксшылар бір салмақтан екіншісіне ауысып жатыр. Кімнің қай салмаққа өтетіні әзірге белгісіз. Дегенмен, Куба, Ресей, Англия боксшыларының қарқыны жақсы. Біз де қарап қалмаймыз. Мақсатым айқын, арманым шексіз", - деп аяқтады боксшы әңгімесін.