Бокстан Алматыда өтіп жатқан әскерилер арасындағы әлем чемпионатында қазақтың былғары қолғапты қырандары қарсыластарын оңды-солды ұтып, сегізі бірдей финалға шықты, деп хабарлайды Tengrinews.kz "Алаш айнасы" газетіне сілтеме жасап.
Бокстан Алматыда өтіп жатқан әскерилер арасындағы әлем чемпионатында қазақтың былғары қолғапты қырандары қарсыластарын оңды-солды ұтып, сегізі бірдей финалға шықты, деп хабарлайды Tengrinews.kz "Алаш айнасы" газетіне сілтеме жасап.
Жартылай финалға дейін біздің боксшыларымыздың бәрі де қарсыластарын бет қаратпай ұтып, қоғадай жапырған болатын. Кейбіреулері тіпті нокаутпен жеңіске жетіп, 10-ы бірдей жартылай финалға шыққан еді.
Содан жартылай финалдық айқастардың күндізгі бөлімде 49 келідегі Олжас Байниязов КХДР боксшысы Хо Чотаені ұтып, 52 келідегі Олжас Сәттібаев оңтүстіккореялық Киконг Ку Джимнен басым түсті.
Алматыдағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 56 келіде ел намысын қорғап жатқан Қайрат Ерәлиев Италия боксшысы Алессино Савиноны жолынан тайдырды.
Ал 60 келідегі Бекман Сойлыбаев Шри-Ланкадан келген Падмакумор Нукке басымдық танытты. Тек 64 келідегі Елдос Сарқұлов аса тартысты өткен айқаста Тунис тарланы Алаа Шилиге 1:2 есебімен есе жіберіп алды.
Кешкі бөлімде тағы төрт боксшымыз финалға шықты. 75 келіде бақ сынап жатқан Бобыржан Момынов Германия боксшысы Абдурахман Абу-Лабдехтің жолын кесті.
81 келідегі Арман Рысбек ресейлік Магомед Мадиевті тізе бүктірді. 91 келідегі Асқар Абдуллаевқа неміс Йохан Витт қарсы тұра алмады.
Ең ауыр салмақтағы (+91 келі) Қамшыбек Қоңқабаев Кувейттен келген Альсемари Салемді сүріндірді. Бұл жекпе-жектердің бәрі де 3:0 есептерімен аяқталды.
Тек 69 келі салмақтағы Сағадат Рахманқұлов Олимпиада ойындары мен Еуропа чемпионатының жүлдегері, француз Алексис Вастинге есе жіберіп ады. Есеп – 1:2.
Сөйтіп сегіз боксшымыз финалға шықты. Ал екеуі қола жүлдегер атанды. Яғни біздің жауынгер-боксшыларымыз толық құрамда жүлдегер атанып отыр.
Енді финалда біздің жігіттер мына боксшылармен кездеседі:
49 келі: Олжас Байниязов – Бэлик Галанов (Ресей),
52 келі: Олжас Сәттібаев – Абделали Дараа (Марокка),
56 келі: Қайрат Ерәлиев – Фахем Хамаччи (Алжир),
60 келі: Бекман Сойлыбаев – Хя Лингджи (Қытай),
75 келі: Бобыржан Момынов – Делима Педро (Бразилия),
81 келі: Арман Рысбек – Петер Мюллерберг (Голландия),
91 келі: Асқар Абдуллаев – Фабио Турчи (Италия),
+ 91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Лима Рафаэль (Бразилия)
Қалған екі салмақта:
64 келі: Алаа Шили (Тунис) – Баатарсуг Чинзориг (Моңғолия),
69 келі: Алексис Вастин (Франция) – Александр Беспутин (Ресей).