WSB жобасының ширек финалында Германия боксшыларымен жолы түйіскен «Астана Арландары» өз жеріміздегі екінші кездесуде 5:0 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
WSB жобасының ширек финалында Германия боксшыларымен жолы түйіскен «Астана Арландары» өз жеріміздегі екінші кездесуде 5:0 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Германияда өткен бірінші кездесуде де Қазақстан клубы жеңіске жеткен. Түзде 3:2 есебімен басым түскен болатын. Ал өз жерімізде Германия клубына ойсырата ұтты. Теннисшілеріміз Дэвис кубогының ширек финалында Швейцарияны тықсырып жатқанда, боксшыларымыз олардан қалсын ба?! Германиядан келген қонақтарымызды 5:0 есебімен есеңгіретті...
52 келі: Мирас Жақыпов – Ронни Беблик – 3:0 (50:45, 50:45, 50:45)
Мирас қарсыласына күмәнсіз жеңді. Жылдамырақ қимылдады. Табандылық танытты. Бойы мен қолының ұзындығын дұрыс пайдалана білді.
60 келі: Самат Башенов – Артур Бриль – 2:1 (50:45, 47:48 50:44)
Бір төреші жеңісті Саматтың қарсыласына беріпті. Бәлкім, солай да шығар. Бірақ Саматтың тәжірибесі молырақ екені байқалып тұрды. Оның соққылары нық, пәрменді болды.
69 келі: Мейірім Нұрсұлтанов – Вячеслав Кербер – 3:0 (50:45, 50:45, 49:46)
Бұл жекпе-жек осы кештегі маңызды айқас болды. Егер немістер жеңілсе, онда "жартылай финалға шықсақ" деген көмескі үміттерін түпкілікті үзеді. Сондықтан Кербер аянған жоқ. Бірақ Мейірім оған көне қойсын ба?! Әрі 69 келі салмақ дәрежесін иісі қазақ «өзіміздің салмақ» деп «иемденіп» алғалы қашан?! Яғни бұл салмақта Мейірімнің өз жерінде, қазақ жанкүйерлерінің көз алдында жеңілуге хақысы жоқ. Ол сенімді ақтап, жеңіске деген жігерінің арқасында маңызды жеңіске қол жеткізіп, «Астана арландарын» кездесу аяқталмай жатып, жартылай финалға шығарды.
81 келі: Хрвое Сеп – Серж Мишель – 3:0 (50:45, 50:45, 49:46)
Төртбақ денелі хорватиялық легионеріміз намысты қолдан беретін жігіт емес. Бұл жолы да өзіне артылған сенімді ақтап, өзінен бойы биік неміс боксшысын ұтты.
+ 91 келі: Руслан Мырсатаев – Эрик Пфайфер – 2:1 (48:47, 49:46, 46:49)
Осы кештегі ең тартымды жекпе-жек осы болды. Руслан басында ұтылып жатқа. Бірақ құлаштай соғып, өзінен бойы биік Эрикті есеңгіретті. Есін жиғызбай, төпелеп тастайын деп еді, ...болмады. Тіс қаққан, тәжірибелі неміс боксшысының жаны сірі екен. Әйтсе де, WSB аясында жеңіліп көрмеген Эрик бірінші рет ұтылды. Русланның құлаштай соққан соққылары оны тәлтіректетті. Бұған дейінгі алты жекпе-жегінің тең жартысын нокаутпен (немесе техникалық нокаутпен) аяқтап жүрген Пфайфер бұл жолы өзінің сұлап түспегеніне тәубә дейтін шығар. Рас, оны құлаштай ұрамын деп, Русланның өзі де шаршап қалды. Жекпе-жек соңында өзі де біраз соққы өткізіп алды. Десек те, жанкүйерлердің айызын қандырып, жеңіске жетті.
Сөйтіп, «Астана Арландары» жартылай финалға шықты. Қарсыластары біраз уақыттан кейін анықталады. Енді Италия және Әзірбайжан боксшылары арасындағы екінші кездесуде қайсысы жеңіске жетеді деп күтеміз.