Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 332.70
EUR / KZT - 389.99
CNY / KZT - 49.72
RUB / KZT - 5.59

Айтжанов үздік бапкер, Елеусінов мықты боксшы атанды

03 Қараша 2014, 18:46
1
Данияр Елеусінов пен Мырзағали Айтжанов. ©azattyq.org
Данияр Елеусінов пен Мырзағали Айтжанов. ©azattyq.org

Бокстан ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов екінші рет әлемнің үздік жаттықтырушысы деген атқа ие болса, Данияр Елеусінов екінші мәрте әлемнің үздік боксшысына баланып отыр, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілші ҚР бокс федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2013 жылы Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Құланұлына әлем чемпионатындағы табысы үшін осындай мәртебе бұйырған еді. Алматыда өткен жаһандық додада Қазақстан құрамасының сегіз боксшысы жүлдеге ілініп, оның төртеуі алтын, екеуі күміс, тағы екеуі қола медаль алғаны жұрт жадында. Сондай-ақ, Азия чемпионатында қарсылас шыдатпаған жігіттер жеті алтын, бір күміс медаль еншілегені белгілі.

Соңғы бес жылдан бері ҚР Ұлттық құрамасын жаттықтырып келе жатқан М.Айтжанов қазақ боксындағы өте табысты бапкер және әлемнің үздік бапкері мәртебесін екі мәрте иеленген Қазақстандағы алғашқы маман. 44 жастағы оның мұндай деңгейге жетуіне төл шәкірттерінің ерен табысы да үлес қосқанын айтпасқа болмас. Мәселен, Еркебұлан Шыналиев Бейжіңде өткен Олимпиада ойындары мен әлем біріншілігінің қола медалін иеленді. 49 келіде өнер көрсететін Біржан Жақыпов әлем чемпионатының алтын, қола медальдарын иеленіп және Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері атанды. Бас бапкердің төл шәкірті Қайрат Ералиев 56 келіде әлем біріншілігі мен Азия ойындарының қола медаліне қол жеткізген боксшы.

Ұлттық құраманың капитаны Данияр Елеусінов биыл тағы ерледі. 69 келіде әлем үздігі саналатын капитан биыл екінші рет АИБА шешімімен жылдың үздік боксшысы атанып, мерейімізді тасытты. Соңғы екі жыл ішінде Елеусіновке қарсылас шақ келмей тұрғанын бокссүйер қауым біледі. 69 келі салмақ дәрежесіне ауысқалы ол тек бір рет жеңіліс тапты. 2013-2014 жылдары ірі жарыстардың бәрін дерлік ұтып, АИБА-ның үздіктер рейтингісінде өз салмағында көш бастады. Мысалы, 2013 жылы Азия және әлем чемпионы атанып, сонымен қоса, жылдың үздік боксшысы атанған болатын. Биыл қарымды боксшы екенін кезекті рет дәлелдеген ол Азия ойындарында екінші рет чемпион атанды. Сөйтіп, қазақ бокс тарихында сары құрлық ойындарын екі мәрте ұтқан алғашқы спортшы болып есімі алтын әріппен жазылды.

Осылайша Мырзағали Айтжанов әлемнің табысты бапкеріне баланса, Елеусінов үздік боксшы атанып отыр. Айтпақшы, бұл мәртебелі атақ Оңтүстік Кореяның Джеджу қаласында 24 қараша күні салтанатты шарада табысталады деп күтілуде.


Нравится
Поделиться
Пікірлерді көру (1)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай