Бүгін, яғни ХVІІ жазғы Азия ойындарының аяқталуына екі күн қалғанда, боксшы жігіттер арасындағы жартылай финалдық айқастар өтті. Қазақстанның жеті боксшысы финалға шығып, біреуі қола жүлдені қанағат тұтты, - деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.
Бүгін, яғни ХVІІ жазғы Азия ойындарының аяқталуына екі күн қалғанда, боксшы жігіттер арасындағы жартылай финалдық айқастар өтті. Қазақстанның жеті боксшысы финалға шығып, біреуі қола жүлдені қанағат тұтты, - деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.
Күндізгі бөлімдегі жігіттеріміздің төртеуі де жеңіске жетті. Әуелі шаршы алаңға 52 келі салмақ дәрежесіндегі Ілияс Сүлейменов шықты. Ол жапон жігіті Шота Хаяшиданы сауатты тактикасы мен тәжірибесінің арқасында ұтты. Екінші және үшінші раундтарда жапон жігіті ескерту алып, екі ұпайы кемітілді де. Есеп – 3:0 (30:25, 30:25, 30:25).
Одан соң 69 келіде ел намысын қорғайтын Данияр Елеусінов көпшілікті өз өнеріне тәнті етті. Қазақстан құрамасының капитаны түркімен Сердар Худайбердиевтен деңгейінің жоғары екендігін көрсетіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Есеп – 3:0 (30:26, 30:26, 30:26).
Бұдан кейін табан тірескен, шектен тыс шиеленісті жекпе-жек болды. 81 келі салмақ дәрежесінің жартылай финалында Әділбек Ниязымбетов пен Парсы елінің шойын жұдырығы Эхсан Рузбаханидің жолдары түйісті.
Екеуі бұған дейін екі рет кездескен. Лондон Олимпиадасында және Иорданияда өткен Азия чемпионатында Әділбек жеңіске жеткен болатын. Иран боксшысы Лондон Олимпиадасындағы жекпе-жектің нәтижесіне наразылық білдіргені де естеріңізде болар.
Инчхондағы айқас та аса тартысты болды. Бірінші раундта Әділбектің екі-үш соққысы діттеген жеріне дөп тиді. Эхсан негізінен әліптің артын бағумен жүрді деуімізге болады. Бұл раундта төрешілердің де шешімдері екі айырылыпты. Екеуі жеңісті Әділбекке берсе, біреуі Эхсанға берген.
Екінші раундта да Әділбектің соққылары өтімді болды. Үш төреші де жеңісті Әділбектің еншісіне жазыпты. Ал үшінші раунда Эхсан қарқынын үдетті. Құйындай соғып, Әділбекті біраз тықсырды да. Тіпті бір жойқын соққысы біздің жерлесімізге дөп тиіп, залда отырған Иран жанкүйерлері шулап та кетті.
Ал төрешілер үш раундтың қорытындысы бойынша жеңісті Әділбекке берді. Есеп – 2:1 (29:28, 30:27, 28:29). Біздің ойымызша, жекпе-жек нәтижесінің әрбір саны рингтегі айқасты нақты айқындап тұр. Тек үшінші раундта ғана қамшыны басқан Эхсанның жанкүйерлері де тез басылды...
Ең ауыр салмақтағы Иван Дычко өз қарсыласын көп күш жұмсамай-ақ жеңді. Үнді боксшысы Кумар Сатиштен әлдеқайда биік Иванның шаршы алаңдағы жекпе-жекте де мерейі үстем болды.
Кешкі бөлімдегі жекпе-жектерді 49 келідегі Біржан Жақыпов бастады. Әрі қырғыз Турат Осмоновтан басым түсіп, финалға шықты. Есеп – 3:0 (30:27, 30:27, 30:27).
Өкінішке қарай, 56 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Қайрат Ерәлиев қола жүлдемен шектелді. Ол жартылай финалда жергілікті Корея боксшысы Сангминг Хамнан ұтылып қалды. Жекпе-жектің басын тәп-тәуір бастап, белсенділік танытып еді. Бірақ жаны сірі Корея боксшысын ұра-ұра өзі титықтап қалғандай болды. Әйтеуір төрешілердің шешімі бойынша ұтылды. Есеп – 0:3 (27:30, 27:30, 27:30).
75 келі салмақта сынға түсіп жатқан Жәнібек Әлімханұлы да қарымды қарсыласқа тап болды. Үнді үміті Кришан Викаш Жәнібектен бір жас қана үлкен болғанымен, ересектер арасындағы айқастарға ерте қосылып, әбден ысылған боксшы еді.
Мұнда керісінше, үнді боксшысы бірінші раундта ширақ қимылдады. Үш төрешінің екеуі жеңісті соған берді. Екінші раундтан бастап Жәнібек бар күшін салып, аянбай айқасты. Соққылары нық, пәрмендірек болды. Екінші раунда енді екі төреші жеңісті Жәнібектің еншісіне жазды.
Ал соңғы раунда Әлімханұлы шаршаңқырап қалған үнді боксшысынан жылдамырақ қимылдады. Бұл раунда төрешілер Жәнібектің басым түскеніне күмән келтірген жоқ. Есеп – 2:1 (28:29, 29:28, 30:27).
91 келі салмақтағы Антон Пинчук Корея боксшысы Намьенг Пакпен кездесті. Антон жекпе-жекті жоғары қарқында бастап, соққыларын қарша боратқан. Бірақ қарсыласы да қайсар жігіт екен, қаймыққан жоқ. Тіпті лайықты деңгейде қарсылық көрсетіп, Антонның мұрнын қанатты да.
Дегенмен толассыз соққылар соңғы секундтарға дейін тиылмаған тартысты жекпе-жекте Антонның асығы алшысынан түсті. Есеп – 3:0 (29:28, 30:276 29:28).