Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) төртінші маусымы аясындағы жартылай финалдық кезеңнің алғашқы кездесуінде қазақстандық "Астана арландары" командасы әзірбайжандық "Баку оттарын" жеңді. Астана қаласында өткен жекпе-жектер 3:2 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Елордамыздың "Сарыарқа" спорт ғимаратында өткен матчта алғашқы болып шаршы алаңға көтерілген 49 келідегі Теміртас Жүсіпов қарсыласы Хамза Наметовты айқын басымдылықпен жеңіп, "арландардың" алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Бірақ 56 келідегі Мәди Шолақов пен 69 келідегі Асхат Уәлиханов қарсыластарынан жеңіліп, "Баку оттарын" жалпы есепте алға шығарып алды. Алғашқысы Гаирбек Гермахановтан ұтылса, Асхат төрешілердің шешімі бойынша Гайбатулла Гаджиалиевтан ұтылып қалды.
75 келіде әлі де болса бұл маусымда бірде-бір рет жеңілмеген біздің легионеріміз Сергей Деревянченко бұл жолы да жеңісті жолын жалғады. Солтан Мигитиновпен жұдырықтасқан Сергей үшінші раундта қарсыласын техникалық нокаутпен жеңіп, есепті теңестірді. Бұл командалар арасындағы шешуші жекпе-жекте 91 келіде шаршы алаңға шыққан Василий Левит Абдулкадыр Абдуллаевты сенімді түрде жеңді.
Осылайша Василий "арландар" WSB жобасының алғашқы жартылай финалдық кездесуінде жеңісті жұлып алып берді. Жалпы есеп 3:2 біздің командамыздың пайдасына. Дегенмен бұл есеп қазақстандық команданы толықтай финалға алып шығуына кепілдік бермейді. Бұл командалар арасындағы қарымта кездесу 3 мамыр күні Әзірбайжанның Габа қаласында өтеді.