Бірінші ауыр салмақта қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов түркиялық қарсыласы Хизни Алтункаяны жеңіп, WBA (Regular) тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды, деп хабарлады Vesti.kz.
Бірінші ауыр салмақта қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов түркиялық қарсыласы Хизни Алтункаяны жеңіп, WBA (Regular) тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды, деп хабарлады Vesti.kz.
Қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов қарсыласын бірінші раундта нокдаунға түсірді. Алайда түркиялық боксшы есін жиып, жекпе-жекті жалғастырды. Дегенмен тоғызыншы раундта бірнеше қатты соққы алған Алтункая тағы бір мәрте нокдаунға түсті.
Сөйтіп, Шүменовтің қарсыласы оныншы раундта рингке шығудан бас тартып, қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен жеңді. Осылайша, Шүменов чемпиондық атағын қайтарып алды.
Бұл жеңіс Шүменов үшін 18-нші болып отыр (12 - уақытынан бұрын), сонымен қатар, ол екі рет жеңілген болатын. Ал, Алтункая үшін бұл екінші жеңіліс, оның қоржынында 30 жеңіс бар.
Айта кетейік, бұл жекпе-жек 34 жастағы Шүменовтің рингке оралғаннан кейінгі алғашқы жекпе-жегі. Ол 2016 жылдың мамырынан бері рингке шықпаған.
Еске сала кетейік, 2017 жылы маусымда Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы (WBA) қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменовті тұрақты чемпион белбеуінен айырған болатын. Шүменов испаниялық боксшы Дортикоспен былтыр сәуірде жекпе-жекке шығуы тиіс еді. Алайда қазақстандық боксшы жаттығу кезінде көзін жарақаттап алып, осы себепті кездесу кейінге қалған.
Кейін Бейбіт Шүменовтің жарақатының тым ауыр болуына байланысты спортпен қош айтысқаны жарияланған еді. Алайда кәсіпқой боксқа қайта оралған Бейбіт Шүменовтің Астанада WBA (Regular) чемпиондық белбеуі үшін жекпе-жек өткізетіні биыл мамырда белгілі болды.
Бүгін, 7 шілдеде жекпе-жекке шыққан қарсыласы түркиялық Хизни Алтункаямен 5 шілдеде көз арбасты.
Айта кетейік, Қазақстанда жекпе-жекті Qazsport және Qazaqstan арналары трансляциялады. Шетелде бұл жекпе-жекті ұлыбританиялық BoxNation телеарнасы көрсетті.
Бұған дейін бокс кешінің шеңберінде жекпе-жек өткізген қазақстандық боксшы Арман Рысбектің грузиялық Сандро Терашвилиді, Айдос Ербосынұлының әзірбайжандық Исмат Эйнуллаевты, Бобиржан Моминовтың (7-0, 6 КО) грузиялық Георгий Блиадзені, Әли Балоевтың әзірбайжандық Казим Умудовты жеңгені хабарланған болатын.