11 тамызда Қазақстан құрамасының үш боксшысы жеңіске жетіп, Рио Олимпиадасының келесі айналымдарына шықты. Бір спортшымыз турнирден шығып қалды. Бұл туралы Massaget.kz сайты жазды.
11 тамызда Қазақстан құрамасының үш боксшысы жеңіске жетіп, Рио Олимпиадасының келесі айналымдарына шықты. Бір спортшымыз турнирден шығып қалды. Бұл туралы Massaget.kz сайты жазды.
Бокстан 56 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын отандасымыз Қайрат Ералиев Рио Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жегінде әзірбайжандық боксшы Джавид Чалабиевті айқын жеңді. Нәтижесінде 2013 жылы Алматыдағы әлем чемпионатында кеткен есесін қайтарды.
Қос боксшы арасындағы жекпе-жек тартысқа толы басталды. Әзірбайжан боксшысы бірінші нөмірмен жұдырықтасуға тырысты. Қайрат қорғаныста жүріп қарсыласын дәл соққыларымен қарсы алды. Тәжірибесі мен ұстанған жүйесін ойдағыдай орындап, өзіне сенімді жұдырықтасты. Джавид Чалабиевтің соққылары ауа қармаумен болды. Қазақстандық боксшының шаршы алаңдағы ширақ қимылы мен шапшаңдығы барша жанкүйерлерді бір серпілтіп тастағаны анық. Нәтижесінде төрешілер 2:1 (28-29, 29-28, 29-28) есебімен отандасымызды жеңімпаз ретінде таныды. Қайрат Ералиев ширек финалда өзбек боксшысы Муроджон Ахмадалиевпен жұдырықтасады. Бұл жекпе-жек 15 тамыз күнгі Астана уақытымен түнгі сағат 03:15-ке жоспарланған.
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының ең жас боксшысы Абылайхан Жүсіпов Рио Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліс тауып, жарысты аяқтады. Отандасымыз ұлыбританиялық Пэт Маккормактан жеңілді.
64 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын қос боксшы жекпе-жекті аса сақ бастады. Бір-бірінің қателігін күтіп, осал тұсын табуға тырысты. Дегенмен бірінші раундтардан бастап ұлыбританиялық боксшының шабуылда жылдамдығы байқалды. Абылайхан өзіне сенімді жұдырықтаса алмады. Әсіресе екінші раундта қазақстандық боксшы қарсыласына көп есе жіберді. 19 жастағы отандасымызға тәжірибе жетіспегені анық. Үшінші раундта Абылай алға ұмтылғанмен, айласын асыра алмады. Нәтижесінде төрешілер 1:2 (27-30, 29-28, 27-30) есебімен Еуропаның вице-чемпионы Пэт Маккормакты жеңімпаз ретінде таныды. Келесі кезеңге өткен Пэт Маккормак 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері кубалық Ясниель Толедомен жұдырықтасады.
Бокстан ұлттық құрама капитаны Данияр Елеусінов Риодағы Олимпиада ойындарын жеңіспен бастады. 69 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын отандасымыз ұлыбританиялық боксшы Джош Келлиді айқын басымдықпен жеңді.
Алғашқы минуттардан ширақ қимылдаған Данияр Елеусінов өзіне сенімді өнер көрсетті. Бірінші раундта-ақ ұлыбританиялық боксшыны бірнеше жойқын соққыларымен есеңгіретіп тастады. Екінші раундта да Джош Келли отандасымызға қарсы қауқар таныта алған жоқ. Тәжірибелі Данияр шаршы алаңда шеберлігін танытып, 3:0 (30:27, 30:27, 30:27) есебімен жеңіске жетті. Данияр Елеусінов ширек финалда венесуэлалық Габриэль Маэстромен жұдырықтасады.
Ал Лондон Олимпиадасында күміс медаль иеленген Әділбек Ниязымбетов Риодағы алғашқы жекпе-жегінде беларусь боксшысы Михаил Долголевецті жеңіп, ширек финалға шықты.
81 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын отандасымыз қарсыласына қарсы сенімді түрде жұдырықтасып, шеберлігін танытты. Қарсыласының осал тұсын ұтымды пайдаланып, соққыларын өткізе білді. Үш төреші де қазақстандық боксшыны жеңімпаз ретінде таныды. Әділбек Ниязымбетов ширек финалда әзірбайжандық Теймур Маммадовпен қолғап түйістіреді.
© Reuters