Геннадий Головкинмен жұдырықтасуының алдында Давид Лемье Бораттың суретін Instagram желісіне жариялады, - деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Геннадий Головкинмен жұдырықтасуының алдында Давид Лемье Бораттың суретін Instagram желісіне жариялады, - деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Канадалық боксшы, орта салмақта IBF титулының иегері Давид Лемье әлеуметтік желіге Бораттың суретін салып, былай деп жазды: "Халқым, осы жігіт (Борат) пайда болмай тұрып, Қазақстанды біліп келгенбіз деп өтірік айтпай-ақ қояйық. Головкин кейін танылды (жай ғана әзіл, ренжудің қажеті жоқ)".
Айта кетейік, таяуда түріктің "Галатасарай" клубының шабуылшысы Лукас Подольски Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі тартылған жеребенің қорытындысына, нақтырақ айтсақ, қазақстандық "Астана" командасымен қарсылас болуына байланысты өз пікірін Бораттың суретін шығарып, "Ерекше күтемін" деген сөзбен білдірген еді. Алайда кейін ол қазақстандықтардан кешірім сұрап, мұның тек әзіл болғанын жеткізді.
Ал оның алдында Борат туралы фильмдерге Геннадий Головкиннің өзі пікір білдірген болатын. Америкалық TMZSports танымал порталының тілшісі қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннен кішігірім сұхбат алды. Репортер спортшыдан "Борат" фильмін көрдіңіз бе?" деп сұрайды. Геннадий "Иә, көрдім, бірақ барлық көрсетілгендер - өтірік" деп жауап қатады. Боксшының айтуынша, фильмдегі әзіл жарасымсыз, ал кино күлкілі емес. "Бұл Қазақстан емес, бұл нағыз Қазақстан емес", - дейді Геннадий. "Ал бұл фильмнің екінші бөліміне, яғни "Борат 2" туындысына түсуге шақырса не істер едіңіз" деген сұраққа Головкин қысқа ғана "Жоқ, жоқ" дейді.
Еске салайық, Давид Лемье мен Геннадий Головкин 17 қазанда Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасына жұдырықтасады. Бәске WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF чемпиондық белбеулері тігіледі. Сонымен бірге, бұл екі боксшының да PPV-дағы (ақылы трансляция жүйесі) бірінші кездесуі болмақ. Кездесуді "Қазақстан" телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады.