Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам 29 қазанда ганалық Патрик Аллотейге қарсы өткізетін жекпе-жегіне дайындығы және кездесу алдындағы көңіл-күйін айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz басылымы.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам 29 қазанда ганалық Патрик Аллотейге қарсы өткізетін жекпе-жегіне дайындығы және кездесу алдындағы көңіл-күйін айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz басылымы.
Патрик Аллотей 29 қазанда Қанатты жеңетініне тым сенімді. Бүгін өткен баспасөз мәслихатында да ганалық әу баста айтқан сөзінен танған жоқ. Қазақстанға Қанатты жеңу үшін, чемпиондық белбеуді алып кетуге келгенін айтты.
"Менің есімім - Патрик Аллотей. Қазақстанға қол қусырып келген жоқпын. Қанатты жеңіп, белдіктерін алып кетуге келдім. Қанат мен секілді қауқарлы қарсыласпен жұдырықтаспаған", - деді ганалық боксшы.
Ал өз кезегінде арық айтып, семіз шығуды мақсат тұтатын Қанат Ислам бұл жекпе-жекке сақадай-сай екенін мәлімдеді. "Е, байқа, қара бала! - деп қағытты Қанат Ислам. - Мен қарсыласымды құрметтеймін. Мықты боксшы. Оның нокаутының өзі менің өткізген жекпе-жектерімнен көп. Дегенмен барлығын шаршы алаң шешеді. Кім мықты, кім әлсіз екенін сонда көреміз. Осы жекпе-жекке көп уақыт дайындалдым. Өз жанкүйерлерімнің алдында барымды саламын. Бұл бір шетінен, маған үлкен бір сынақ та. Себебі, бүкіл жанкүйерлерім қолдау білдіреді, әлем жұртшылығы тамашалайды".
Айта кетейік, бірінші орта салмақта "WBA Fedelatin" атағына ие Қанат Ислам осы уақытқа дейін 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 18-ін нокаутпен жеңген.
Патрик Аллотей де тәжірибелі боксшы. Осыған дейін кәсіпқой шаршы алаңда 36 жекпе-жек өткізген. Оның 34-де қарсыластарынан басым түскен. Оның 24-де қарсыластарын нокаутпен ұтса, 2 жекпе-жегінде ғана қарсыластарына есе жіберген. Cоңғы рет 24 маусым күні шаршы алаңға шығып, отандасы Сани Идананы жеңген. Жекпе-жектерінің барлығын дерлік Ганада өткізген. Үш кездесуі ғана өзге елде өткен. Кәсіпқой бокста "Улы жебе" деген лақап атқа ие.
29 қазандағы жекпе-жектер Астана уақытымен кешкі сағат 18:00-де басталады. Тікелей эфирде "Қазақстан" ұлттық арнасы көрсетеді.