WBA және IBF версиялары бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы, ағылшын боксшысы Карл Фроч қазақстандық Геннадий Головкинмен жұдырықтасуға жүрексінген, - деп хабарлайды Vesti.kz. Еске салайық, 27 шілдеде Головкин WBA және IBO версиялары бойынша әлем чемпионы титулын қорғаған болатын.
Фрочтың айтуынша, Головкинмен жекпе-жектен "обадан қашқандай қашу керек". "Ол тұяғымен сабайтын аттай. Маған онымен жұдырықтасудың қажеті жоқ, бұл өте қауіпті", - дейді Фроч. Бұған дейін сарапшылар Головкинді Фрочпен шаршы алаңға шығуы мүмкін екі боксшының қатарына қосқан болатын. 37 жастағы ағылшын спортшысы карьерасын аяқтауға таяды, ол өткен жекпе-жекте Джордж Гроувсты нокаутқа жіберіп, Лас-Вегастағы жекпе-жекке қатысуға талпынды.
Еске сала кетейік, 27 шілде күні Головкин әлемнің экс-чемпионы, австралиялық Дэниэл Гилді жеңген болатын. Головкин оны үшінші раундта нокаутқа жіберді. Жекпе-жектен кейін австралиялық Головкиннің соққысы жайлы былай деді: "Ол мені жақсы соққымен құлатты. Әрине, қатты көңілім қалды. Жекпе-жекке арналған біздің жақсы жоспарымыз болған еді, бірақ бір қателік тағдырымды шешті. Өкінішке қарай, бәрін жеңу мүмкін емес, бірақ мен жекпе-жекке қайтып келемін".
"Головкинді жеңу кез келген боксшы үшін қиын. Бұған кімнің қол жеткізетінін білмеймін, бірақ бұл жігітке сәттілік тілеймін. Бір күні тағы бір мүмкіндікке қол жеткіземін деп үміттенемін", - деді Гил.