Бүгін бокстан ХVІІ жазғы Азия ойындарының финалдық жекпе-жектері өтіп, Инчхон рингінде қазақтың күрзі жұдырықты жігіттері үстемдік құрды. Ерлер арасында сарапқа салынған он алтынның алтауын біздің елдің былғары қолғап шеберлері еншіледі, - деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.
Бүгін бокстан ХVІІ жазғы Азия ойындарының финалдық жекпе-жектері өтіп, Инчхон рингінде қазақтың күрзі жұдырықты жігіттері үстемдік құрды. Ерлер арасында сарапқа салынған он алтынның алтауын біздің елдің былғары қолғап шеберлері еншіледі, - деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.
Азияның спорт саласындағы алпауыт елдері бар, экономикалық тұрғыда қарыштап дамыған қарымды елдері бар, саясат "таразысында" салмақты елдері бар, бәрі-бәрі жабылып, төрт-ақ алтын алды. Қалған алты алтынды қазақтың шойын жұдырықты қырандары олжалады. Футбол тілімен айтқанда, Қазақстан – Азия – 6:4.
Бүгінгі финалдық айқастарда жеңілістің кермек дәмін татқан жалғыз Біржан Жақыпов қана болды. 49 келі салмақта өнер көрсететін тәжірибелі боксшымыз Оңтүстік Кореяның қайсар жігіті Джонгун Шинге есе жіберіп алды. Қарсыласы ширақ қимылдап, көзі көгерсе де, үш раунд бойы қарқынын бәсеңсіткен жоқ. Есеп – 0:3 (27:30, 27:30, 27:30).
52 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Ілияс Сүлейменов өзбек Шахобиддин Зоировтан тактикалық тұрғыда басым түсті. Қарсыласы жеңісті қолдан бермеуге тырысып, алға ентелегенімен, Ілиястің соққылары діттеген жерлеріне көбірек тиді. Есеп – 2:1 (29:28, 27:30, 29:28).
69 келіде ел намысын қорғаған Данияр Елеусінов те өзбек боксшысынан, яғни Исраил Мадримовтан басым түсті. Данияр әдеттегідей, өз мәнерінде, қарсыласының соққыларын өзіне тигізбеуге тырысып, оны дәл соққыларымен төпелеп отырды. Рингте тайқып кетіп, кілт бұрылып, желіп жүрді. Қарсы соққылары өтімді болды. Есеп – 3:0 (30:27, 30:27, 30:27).
Бұдан кейін 75 келі салмақ дәрежесіндегі Жәнібек Әлімханұлы бүкіл көрермендерді тәнті қылып, қазақ жанкүйерлерінің айызын қандырып, тамаша жеңіске қол жеткізді. Иордания боксшысы Адель Альхиндавиді жүндей түтті десек, артық айтпағандығымыз болар. Тіл-көзіміз тасқа, соққылары – нық, қимылы – шалт, жылдамдығы – жоғары.
Шетелдік мамандардың өздері сүйсінген Жәнібегіміздің айқын басымдығы төрешілер шығарған жекпе-жек қорытындысынан да байқалады – 3:0 (30:26, 30:26, 30:26).
Халықаралық аренадағы жаһандық додаларда үнемі екінші болып жүрген Әділбек Ниязымбетов Инчхон рингінде финалда ұтылып қала беретін сәтсіздіктерінің тамырына балта шапты. 81 келідегі қайыс қолғапты қыранымыз Оңтүстік Корея оғланы Хонгкью Кимнен басым түсті.
Қарсыласын зал толы жерлестерінің қызу қолдайтынын біліп, айқын басымдық көрсетпесе, өз жерінде Корея боксшысының бағы жанып кететіндігін ескеріп, бірден қамшыны басты. Бірінші раундта аяусыз төпелеп, бұрыштан-бұрышқа тықты.
Әділбектің пәрменді соққыларынан Корея боксшысының көзі көгеріп, күлдіреп ісіп кетті де. Екінші және үшінші раундтарда қарсыласы өз жанкүйерлері алдында дәрменсіз күй кешпеуді ойлап, барын салды. Қайтқан жоқ, тізгінін тартқан жоқ. Әйтсе де, Әділбек жеңісті уысынан шығарған жоқ. Есеп – 2:1 (28:29, 29:28, 29:28).
Шыны керек, 91 келідегі Антон Пинчуктан көп адам жеңіс күтпеген болар. Жанымызда отырған шетелдік мамандар да "басқасы басқа, бірақ бұл боксшыларыңыз жеңе қоймас" деп алтынымызды көпсіне бастады. Төрешілер де осылай ойлап, қиянат жасамаса етті деп, уайымдай бастадық. Әрі Иран боксшысы Али Мазахеридің бойы – одан әлдеқайда биік. Бірақ Антон жанкешті екен. Жігерлілік танытып, жеңісті жұлып алды. Есеп – 3:0 (30:27, 30:27, 30:27).
Қазақ боксының тасы өрге домалаған кеште жеңісті нектені, нүкте емес-ау, леп белгісін 91 келіден жоғары ауыр салмақтағы алыбымыз Иван Дычко қойды. Ол Иран боксшысы Ясем Делавариді жуан жұдырығымен қойғыштап, ел қоржынына алтыншы алтынды салды. Есеп – 3:0 (30:26, 29:28, 30:27).
Қалған үш салмақта Сангминг Хам (Оңтүстік Корея, 56 келі), Отдондалай Доржнамбуу (Моңғолия, 60 келі) және Вуттичай Масук (Таиланд, 64 келі) чемпион атанды.