Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бобыржан Момынов Vesti.kz порталының тілшісіне не үшін Геннадий Головкиннің емес, Сауль "Канело" Альварестің командасында жаттығып жатқанын түсіндіріп берді.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бобыржан Момынов Vesti.kz порталының тілшісіне не үшін Геннадий Головкиннің емес, Сауль "Канело" Альварестің командасында жаттығып жатқанын түсіндіріп берді.
"Мен АҚШ-қа келгенде кәсіпқой бокста тек бір ғана жекпе-жек өткізген едім. Сол үшін бірден промоутермен келісімшарт жасауым керек еді. Менің менеджерім (Фархад Шарипов - ред) Головкинге хат жазып жіберді. Головкин ол жақта (әлеуметтік желіде - ред) отырады ма, жоқ па білмеймін. "Бобыржан деген жігіт бар еді. Сіздер әуесқой бокста бір бапкердің қолында жаттығу жасадыңыздар. Оған көмектесіп жіберсек қалай болады? Сіз тек жолдарын айтып жіберсеңіз, қалғанын мен істеймін", - делінген хатта. Менің ойымша, ол хатты ешкім оқымады да. Жауап та болмады", - дейді Момынов.
Таяуда Момынов не үшін Головкинге емес, Альвареске көмектесіп жүр деген әңгімелер шықты.
"Егер ол мұны қаламаса, мен қалай онымен байланысқа шығамын? Сол кезде менің менеджерім Top Rank және Golden Boy промоутерлік компанияларына да хат жолдады. Бірнеше уақыттан кейін Golden Boy компаниясынан жауап келді. Олар менімен жұмыс істегілері келетінін айтты. Бірақ мен салмағым аз екенін айттым. Өйткені, мен 148 фунтта, яғни 66 келіде жұдырықтасамын. Алайда ол кедергі бола қойған жоқ. Олар мені шақырып, шамалы салмақ жинап алуымды айтты. Компания басшылары егер мен олардың көңілдерінен шығатын болсам, маған келісімшарт ұсынатынын айтты. Мен мұнда келгенде жақсы қарсы алып, барлық жағдайды жасады. Мен тек Альвареспен жақсы спарринг өткізіп, келісімшартқа қол жеткізуім керек. Менің қазір Головкинге барып, Альварес туралы айтып беру ойымда жоқ. Ол тәжірибелі боксшы. Командасы да тәжірибелі. Головкинге еш жамандық тілемеймін. Ол менің бауырым. Менің жерлесім. Қазақстанның мақтанышы", - дейді қазақстандық боксшы.
Кәсіпқой бокста үш жекпе-жек өткізген қазақстандық боксшының Геннадий Головкиннің күллі әлемге қазақ деген халықтың бар екенін көрсеткенін айтады.
"Қазақстан деген ел бар екенін көрсетті. АҚШ-та көп адамдар біздің елдің қайда екенін де біле бермейді. Бұл жайт мені қатты қынжылтады. Содан соң түсіндіріп отырасың. Алайда мені көбісі түсіне бермейді. Ал Головкин арқылы Қазақстанды жақсы біледі. Мен оған еш қарсы емеспін. Менің өз карьерам бар. Өз арманым бар. Еліміздің туын биікке көтеру үшін чемпион болғым келеді", - дейді Бобыржан Момынов.
Қазақстанның тумасы боксты түсінбейтін адамдардың көп екенін, түбіне дейін түсінбей жатып сөгуге асық болатынын айтады.
"Тіпті сатқын деп жатыр. Кейде мен шынымен бауырымды шынымен сатып кеттім бе деп ойлап қоямын. Бірақ кейіннен ойланып ... Сатқын емеспін деген ойға келемін. Не үшін маған ешкім көмектеспейді. АҚШ-қа келгенде маған шынымен көмек керек болды. Дегенмен маған көп адам сенбеді. Қолымнан ештеме келмейтінін айтты. Қиын кезеңдерден өттім. Жұмысым да болмады. Содан соң мынадай мүмкінді келді. Америкада тұрып жатқаныма бір жыл болды. Бірақ мен мұнда отбасымсыз тұрып жатырмын. Мен үшін бұл шамалы қиындау. Карьерамды сәтті жалғастырып, отбасыма көмектескім келеді. Жұбайымды осында алып келгім келеді. Жеңістің себептері көп, ал жеңілістің себебі біреу ғана дейді ғой. Бұл - өмірдің шындығы. Мен бұл жерде тоқтап қалғым келмейді. Алға жылжып, мақсатыма жеткім келеді", - деп қорытындылады Момынов.
Еске салайық, 25 жастағы қазақстандық боксшы Бобыржан Момынов (3-0-0, 3 КО) қазіргі уақытта Сауль "Канело" Альварестің командасында мексикалық боксшыға Геннадий Головкинге қарсы өтетін кездесуге дайындалуға көмектесіп жатыр.
Головкин мен Альварес арасындағы кездесу 16 қыркүйек күні Лас-Вегастағы T-Mobile спорт кешенінде өтеді. Қазірдің өзінде бұл бокс кешінің билеттері сатылып кеткен. АҚШ жерінде жекпе-жекті НВО арнасы ақылы жүйе бойынша көрсетеді.