Бүгін Алматыда Құрылысшы күніне арналған салтанатты шара өтті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. Алматы әкімі Бауыржан Байбек өзінің құттықтау сөзінде қаланың ІӨӨ құрылыс секторының үлесі 262 миллиард теңгені болғанын атап өтті. Тек өткен жылдың өзінде ғана 1,9 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, 2015 жылмен салыстырғанда 35 пайызға көп екен.
Бүгін Алматыда Құрылысшы күніне арналған салтанатты шара өтті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. Алматы әкімі Бауыржан Байбек өзінің құттықтау сөзінде қаланың ІӨӨ құрылыс секторының үлесі 262 миллиард теңгені болғанын атап өтті. Тек өткен жылдың өзінде ғана 1,9 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, 2015 жылмен салыстырғанда 35 пайызға көп екен.
"Құрылысшы мамандығы барлық кезеңде үлкен абырой мен құрметке ие. Сіздер тек қана үй, инфрақұрылым нысандарын салумен шектелмейсіздер. Қалалардың архитектуралық келбет беретін де, экономиканы дамытатын да Сіздер. Құрылысшылардың арқасында өмір сапалық жағынан оң сипатқа ие болып, азаматтардың тұрмыс жағдайлары жақсарады. Өздеріңіз білесіздер, Елбасының тапсырмасы бойынша биылғы жылдан бастап "Нұрлы жер" тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру басталады.Оның басты мақсаты- таяудағы 15 жыл ішінде 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бағдарламаға тұрғын үй нарығын қолдаудың кешенді шаралары енгізілген. Бұл, сөз жоқ, еліміздің құрылыс саласын дамытуға жаңа серпін береді. Біздің негізгі міндетіміз - алматылықтардың тұрғын үй мәселесін шешу. "Нұрлы жер" бағдарламасын жүзеге асыру барысында 73 үй салынуда, оның 24-інің құрылысы биылғы жылы аяқталады", - деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Қала басшысы 2015 жылдан бастап құрылыс саласына құйылған инвестиция көлемінің 17 пайызға артқанын айтты. Тек биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында құрылыс саласына 235 миллиард теңге инвестиция бөлінген.
Бүгінгі күні Алматыда тұрғын үй және азаматтық бағыттағы 1140 объектінің құрылысы жүріп жатыр бұлардың ішінде 762 құрылыс жеке инвестиция арқылы, ал 378 нысан бюджет арқылы қаржыландырылуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 2016-2017 жылдары әкімдік тарапынан 1040 пәтерлі 19 тұрғын үй салынды. "Қолжетімді баспана - 2020" бағдарламасы бойынша биыл "Саялы", "Жас Қанат" ықшам аудандарында тағы 17 тұрғын үйді іске қосу жоспарланған. "Ескі үйлерді сүру" қалалық бағдарламасы бойынша 3 жаңа үй салынып, ескі үйлердің тұрғындары жаңа қонысқа көшірілді. Бүгінгі күні заманауи ықшам ауданға айналған Атлеттер ауылынан 1748 отбасы пәтер алды. Наурызбай ауданында соңғы жылдары құрылыс кең қанат жаюда.
Биылғы жылы білім беру жүйесінің 42 нысанының құрылысын салу және сейсмикалық қуатын нығайту қарастырылған. Оның 29 объектісі биыл іске қосылады. Денсаулық сақтау саласының 18 обьектісі салынуда және жөнделуде. Жыл аяғына дейін 10 нысан пайдалануға беріледі.
Қала тұрғындары мен қонақтарына барынша қолайлы әрі жайлы жағдай жасау және экологияны жақсарту үшін Жібек жолы, Панфилов, Гоголь, Қабанбай батыр көшелері мен "Астана" алаңында ауқымды абаттандыру жұмыстары жүзеге асып, қайта жаңғыру жұмыстары жүруде. Бұл көшелер жаяу жүргіншіге басымдық беру мақсатында қайта жасалуда, мұнда демалуға қолайлы қоғамдық кеңістіктер, жаяу жүргінші аймақтары, веложолдар, жасыл желектер пайда болады.