Жақын арада жаңа ипотекалық бағдарлама пайда болуы мүмкін. Ол жағдайы орташа қазақстандықтарға арналған. Яғни отбасының ортақ табысы 500 мың теңгеге жетуі тиіс. Tengrinews.kz тілшісі тұрғын үй нарығының сарапшысы Айбар Олжаевпен сөйлесіп, ұсынылып отырған жоба шарттарына қатысты бірнеше сұрақ қойды.
Жақын арада жаңа ипотекалық бағдарлама пайда болуы мүмкін. Ол жағдайы орташа қазақстандықтарға арналған. Яғни отбасының ортақ табысы 500 мың теңгеге жетуі тиіс. Tengrinews.kz тілшісі тұрғын үй нарығының сарапшысы Айбар Олжаевпен сөйлесіп, ұсынылып отырған жоба шарттарына қатысты бірнеше сұрақ қойды.
Бұл ипотекамен отбасының жалпы айлық табысы 500 мың теңге және ай сайын 200 мыңнан төлеуге мүмкіндігі бар орта тап өкілдері баспана ала алады. Бастапқы жарна - 20 пайыз. Тұрғын үй 11-12 пайызбен берілуі тиіс. Операторы - "Қазақстан тұрғын үй компаниясы". Бұл қазақстандықтарға бірінші нарықтан жаңа үйлер алуға мүмкіндік беретін "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасының жалғасы десе де болады. Айта кетейік, "7-20-25" бағдарламасын қаржыландыру 2022 жылы аяқталады.
Бүгінде бұл жобаны несиелеу механизмі мен шарттары пысықталып жатыр, содан кейін жоба бекітуге жіберіледі. Десе де мемлекет бағдарламаны субсидиялауға ниетті екені бүгінде белгілі. Алдағы төрт жылда билік нарықты қолдау үшін бір триллионнан аса теңге жұмсауды жоспарлап отыр.
Жаңа ипотека тиімді ме?
Тұрғын үй нарығының сарапшысы Айбар Олжаевтың сөзінше, ипотеканың тиімді не тиімсіз екенін айту үшін ең алдымен базалық пайыздық мөлшерлемеге қарауымыз керек.
"Ол қазір - 14 пайыз. Сондықтан пайыздық мөлшерлемелер субсидияланады. Базалық мөлшерлеме 14 пайыз болса, оған банктің 5-6 пайызын қосамыз. Нарықтық ипотека кем дегенде 19-20 пайыз болуы тиіс. Ол халыққа өте ауыр болар еді. Сондықтан субсидияланған ипотеканы пайдаланған салыстырмалы түрде тиімді. Себебі субсидия мемлекеттің мойнына артылатын қаржылық жүк, ол халықтың мойнына артылмайды", - деді ол.
Сарапшының сөзінше, бұл ипотека қазіргі базалық мөлшерлеме жағдайында айтарлықтай тиімді. Инфляцияның 12-ден 13,2 пайызға жоғарылағанын да ескеру керек. "Экономикалық теорияда ипотека базалық мөлшерлемеден төмен болса, ол тиімді деп есептеледі".
Ипотекаға неге тек жаңа үйлер беріледі?
Айбар Олжаевтың айтуынша, бұл шешімнің стратегиялық, инфрақұрылымдық маңызы бар.
"Экономиканы жандандырады, азаматтарға үйін жаңалауға мүмкіндік береді. Бізде қордаланып жатқан тұрғын үйлердің ескіруі мәселесін шешеді, үйлер жаңарады. Мемлекеттің көмегі, қолдауы болса, ол - бастапқы тұрғын үйге бағытталуы дұрыс деп санаймын. Себебі ол бірнеше мәселені бірден шешеді", - дейді ол.
Сарапшы ипотека қайталама нарыққа берілсе, спекуляциялық қысым артып, нарықтағы бағалар көтеріліп кетуі мүмкін екенін айтты.
Зейнетақы шотындағы артық ақшаны қолдануға бола ма?
Айбар Олжаев жеткіліктілік шегінен асатын қаржыны бұл ипотекада қиындықсыз қолдануға болады деп ойлайды.
"Оны алғашқы жарна ретінде қолдануға немесе алынған ипотеканы жартылай немесе толық жабуға болады. Бұл жағынан ешқандай қиындық көрініп тұрған жоқ. Себебі зейнетақы қорынан артық ақша алу туралы ережеде екінші деңгейді банктердің тұрғын үй ипотекасы деп көрсетілген. Нақты ипотека аты аталмаған", - деді ол.
Ипотеканы қанша қазақстандықтың қалтасы көтереді?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы бақылаудағы жалдамалы қызметкерлердің, яғни 2,9 миллион адамның 5,4 пайызы, 159,3 мың адам жарты миллион теңгеден жоғары табыс тапқан. 187 мың адамның айлығы 45 мыңнан 60 мың теңгеге дейін болған. Орташа айлық жалақыны есепту үшін табыс салығы, зейнетақы аударымдары, сыйақылар мен үстемеақылар статистикасы қолданылған.
2022 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 285 433 теңге болды. 2021 жылдың осы тоқсанымен салыстырғанда өсім - 23,7 пайыз.
Ведомсвто мәліметінше, өңірлік тұрғыда ең жоғары орташа айлық атаулы жалақы Атырау облысында - 477,9 мың теңге. Солтүстік Қазақстан облысында - 203,4 мың теңге, бұл орташа республикалық деңгейден 28,7 пайызға төмен.
Бүгінде табысы орташа отбасыларға тағы қандай баспана бағдарламалары бар?
Мемлекеттің тұрғын үй саясаты - қазақстандықтарды категорияларға бөліп қарастырады. Ең тиімді, ең арзаны, мемлекеттен көмегі көп жүретін ипотекалық бағдарламалар - әлеуметтік осал топтарға бөлінеді. Оған "Бақытты отбасы", "Шаңырақ" сынды ипотекалар жатады. Атаулы бағдарламалар да бар, әскери адамдарға арналған - "Әскери баспана", әйелдерге арналған - "Ұмай" және өңірлік арнайы мемлекеттік бағдарламалар - "Алматы жастары", "Елорда жастары".
"Ал орта таптағы адамдарға қазір жұмыс істеп тұрған, 450 миллиард теңгесі қалған "7-20-25" ипотекасы бар. Ол Қазақстандағы ең тиімді ипотека десе болады.
Одан кейін Қазақстанның тұрғын үй компанияларының ипотекаларын қарастуға болады. Сонда осындай үш категория шығады", - деді Айбар Олжаев.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!