Көкшетау тұрғындары биыл "Нұрлы Жол" бағдарламасымен берілген "Жансая" ықшамауданындағы үйдің сапасына наразы және олар шағымдарын айтып көшеге шықты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі оқиға орнынан.
Көкшетау тұрғындары биыл "Нұрлы Жол" бағдарламасымен берілген "Жансая" ықшамауданындағы үйдің сапасына наразы және олар шағымдарын айтып көшеге шықты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі оқиға орнынан.
"Балкондағы есік жабылмайды, мен әрдайым туыстарымды шақырам, олар қалқалап қояды. Пәтердің іші суық, терезеден суық соғып тұрады. Пластик терезенің материалы кір, тырналған, қалдықтан жасалған сияқты. Кафельде түсініксіз қара дақтар бар. Сонда біз 60 мыңнан аса теңгені не үшін төлеп отырмыз", - деді жаңа ықшамауданның тұрғындарының бірі Мадина Телжанова.
Тұрғындардың жиналысына шамамен 30 адам қатысты. Наразы тұрғындарды екі топқа бөлуге болады: жылудың және үйдің кіреберісіндегі жарықтың жоқтығына, сондай-ақ, лифттің жұмыс істемейтініне наразылар мен берілген пәтерлердің сапасына көңілі толмайтындар. Қалада үйлердің барлығына қыркүйектің соңғы күндерінен бастап жылу берілсе де, бұл үйде жылудың әлі күнге жоқ екені анықталды. Кейбір әйелдердің айтуларына қарағанда, жарыққа да қатысты мәселе жетерлік: жылытқыш қосылса жарық сөніп қалады, сөйтіп тұрғындардың тоңып отыруларына тура келеді.
Өз кезегінде Бас мердігер Imarco ЖШС Михаил Акохов тұрғындарға бір-екі күнде жылудың берілетінін айтты. "Жылу бүгін немесе ертең беріледі. Жарыққа қатысты айтатын болсақ: есептегіш дұрыс жұмыс істеу үшін, мамандар үйде тұрғындардың 100 пайызы тұруы керек деп отыр. Бүкіл үйге төлеу үшін 5 миллион теңге керек. Екі айда көшіп келеді, барлық пәтерге адам келген жоқ, барлығы бірдей төленген жоқ. Қарыз болғандықтан жарықты бүкіл үй бойынша өшіреді. Біз токтың уақытша трансформаторын қойып қойдық. Бірақ барлығы көшіп келгеннен кейін бәрі де дұрыс болады", - деді Бас мердігер.
Сонымен қатар, пәтерлердің ішіндегі олқылықтар туралы мәселеге "Қазақстан ипотекалық компаниясы" АҚ-тың өңірлік өкілі Геннадий Терещенко түсінік берді. "ҚИК бұл жерден 20 мың шаршы метрді сатып алды, 337 пәтер. Қазір ҚИК үйді уақытында пайдалануға бермегені үшін құрылыс компаниясын сотқа беріп жатыр, айыппұл санкциясын ұсынды. Пәтерлерді тарату кезінде болған олқылықтар бөлек тізімге тіркелді, оған құрылыс компаниясының өкілі, Бас мердігер мен ҚИК өкілі қол қойды. Ескертулердің жартысы орындалды. Ал қалғандарына қатысты мәселе былай болып тұр: тапсырыс беруші немесе Бас мердігер жұмысшылардың ақшасын уақытында бермеген. Сондықтан олар жұмысты әдейі солай істепті", - деді Терещенко.