ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ "Новый мир" ЖШС-нің қатысуымен түсірілген "Анаға апарар жол" фильмі Бішкекте өткен "Ақ ілбіріс" атты VI ұлттық киножүлдесінде Орталық Азияның үздік фильмі атанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ "Новый мир" ЖШС-нің қатысуымен түсірілген "Анаға апарар жол" фильмі Бішкекте өткен "Ақ ілбіріс" атты VI ұлттық киножүлдесінде Орталық Азияның үздік фильмі атанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бас продюсер Әлия Назарбаева мен режиссер Ақан Сатаевтың бірлесіп шығарған "Анаға апарар жол" атты туындысы үш номинация бойынша, атап айтсақ, "Орталық Азияның үздік фильмі", "Орталық Азияның үздік актері" (актер Әділ Ахметов үміткер), "Орталық Азияның үздік актрисасы" (актриса Алтынай Нөгербек үміткер) номинациялары бойынша қатысты. Сондай-ақ, осы жүлделерге Өзбекстан мен Тәжікстанның картиналары да ұсынылған болатын.
Ұлттық жүлдені режиссер Ақан Сатаевқа қырғыздың кинорежиссері, Қырғызстан Республикасының халық артисі, аталмыш премияның құрылтайшыларының бірі Артықбай Сүйіндіков және Лос-Анжелестегі азиялық кинофестивалінің үйлестірушісі Әсел Шерниязова табыстады.
"Түсіру тобын осы жеңіспен қуттықтаймын. "Анаға апарар жол" - Орталық Азияның үздік фильмі", - деп жазды режиссер Ақан Сатаев өзінің Instagram парақшасында.
Фильм өмірдің ауыртпалығына төтеп берген, қиын қыстау күндері сұрапыл соғыстың мехнатын көрген басты кейіпкердің тағдырын баяндайды. Бұл кинотуынды ананың перзентіне деген шексіз махаббаты туралы, перзентінің Отанына деген адалдығы жайлы. Аталған кинотуынды 38-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде және "Еуразиялық көпір" атты фестивальге қатысып, Бас жүлдені, сонымен қатар актриса Алтынай Нөгербек «Үздік әйел адам рөлі» номинациясында жеңіске жетті. Одан бөлек, бұл туынды биыл Қазақстан киносыншылар ассоциациясы ұйымдастырған "Сыншылар таңдауы" жүлдесінде үш бірдей жүлдені иемденді. Атап айтсақ, «Ең үздік актриса» - Алтынай Нөгербек және "Екінші пландағы үздік актриса" Аружан Жазылбекова деп танылды. Ал "Фильмге жазылған үздік музыка" номинациясын аталмыш фильмнің композиторлары Әлім Заиров пен Роман Вишневский бөлісті.
2012 жылы Қырғызстанның танымал кинематографистері ұйымдастырған «Ақ Ілбіріс» атты тұңғыш ұлттық киножүлдесі өткен жылдың үздік фильмдерін анықтайтын елеулі іс-шара. Киножүлде Қырғызстанның кинематографистер одағы, "Айтыш" қоғамдық ұйымы және Қырғызстан Республикасының кино дамыту қоры қолдауымен марапатталады. "Орталық Азияның үздік фильмі" номинациясы 2010 жылы алғаш табысталған екен.
Айта кетейік, фильмнің желісі қазақ халқының ХХ ғасырда бастан кешкен күрделі тарихи кезеңдерден құрылған, атап айтсақ, күштеп жүргізілген ұжымдастыру науқаны, ұлттың басына түскен ұлы трагедия – жұт (ашаршылық), Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі бейнетті жылдар. Фильм өмірдің ауртпашылығына төтеп берген, қиын қыстау күндері сұрапыл соғыстың мехнатын көрген, жат елде тұтқында болған Ілияс есімді жігіттің тағдырын баяндайды. Бөтен жерде айдауда жүрсе де, жат елдің зорлық-зомбылығын көріп, қиянатын кешсе де, жалғыздықтың тауқіметін тартса да, бас Қаһарман атажұртын аңсап, анасын сағынып, туған жеріне оралатынына ешқашан күманданбайды.
Фильмнің режиссері - Ақан Сатаев, асценарий авторы -Тимур Жақсылықов, қоюшы операторы - Хасан Қыдырәлиев, қоюшы суретшілер - Назира Байбекова, Лариса Решетова. Сондай-ақ, рөлдерде Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова, Алтынай Нөгербек, Азамат Сатыбалды ойнайды.