Арал қаласында қазақстандық режиссер Катерина Суворованың "Теңізім" ("Завтра море") деректі фильмінің көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Арал қаласында қазақстандық режиссер Катерина Суворованың "Теңізім" ("Завтра море") деректі фильмінің көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Картина режиссері Катерина Суворованың айтуынша, фильмді түсіруге шамамен 4 жыл уақыт кеткен. Ол картинаны сапалы түсіру мақсатында Аралға бірнеше жыл қатарынан келгенін жеткізді. "Біз бір рет келіп түсірілім жұмыстарын жүргізгенімізбен, ойдағыдай деректі фильм шықпайтынын білдік. Сол үшін 4 жыл ішінде бірнеше рет келдік. Мен Арал теңізінің жағасын мекен еткен халықтың қазіргі тұрмысын шынайы баяндап, олардың не себепті тартылған теңіздің жағасынан кеткісі келмейтінін жеткізуге тырыстым", - дейді ол.
Сонымен қатар, Катерина Суворова деректі фильмді түсіруге қомақты қаражат жұмсалғанын жеткізді. "Картинаны түсіруге 70 мың еуродан аса қаржы жұмсалды. Оның жартысын мен Германиядағы Роберт Бош қорынан жеңіп алдым. Сондықтан да біздің оператор және дыбыс режиссері неміс азаматтары болды. Грант жеңіп алғаннан кейін бізді қазақстандық меценат Шыңғыс Кульжанов та қаржыландырды. Ол қазақстандық тараптан қолдау білдіргендіктен, фильм қазақстандық-германиялық өнім болды", - деді режиссер.
© Мақпал Бисембаева
Айта кетейік, фильмнің әлемдік премьерасы халықаралық Locarno International Film Festival кинофестивалінің аясында өткен болатын. Фильм Қазақстанда 17 қараша күні Алматыда өтетін Clique Fest кинофестивалінде көрсетіледі.
"Теңізім" деректі фильмі Арал теңізінің маңында тұратын төрт тұрғын - жалғыз өзі тұзды шөлде ағаш отырғызып жүрген бағбан, кеуіп қалған теңіздің түбін зерттеп жүрген гидробиолог-қыз, ертеде қирап қалған кемелерден темір жинап күн көрген адамдар және балықшылар әулетінен шыққан балықшы баланың өмірін баяндайды.