Б. Момышұлы даңғылындағы Оқушылар сарайында алғаш рет "Есігімді қаққан кім?" спектаклі сахналанады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елорда сайтына сілтеме жасап. Пьеса теріс ағым жетегіне түскен жас отбасының мәселесі жайлы әңгімелейді.
Б. Момышұлы даңғылындағы Оқушылар сарайында алғаш рет "Есігімді қаққан кім?" спектаклі сахналанады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елорда сайтына сілтеме жасап. Пьеса теріс ағым жетегіне түскен жас отбасының мәселесі жайлы әңгімелейді.
Шығарманың авторы жазушы-драматург, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, спектакль оның "Жан шырылы" романы бойынша қойылады.
"Бұл көркем шығарма, онда қиял да, дәлелдер де бар, негізінен, қоғамда орын алған фактілер келтіріледі. Радикалды діни ағымдар Қазақстанда тамырын жайып келеді, жастарымыз олардың ықпалына түсіп, кейбіреулері отбасыларын алып Сирияға кетіп жатыр. Бұл бір халықтың, бір ұлттың ғана мәселесі емес. "Есігімді қаққан кім?" деп аталғанымен, бұл жерде жүрек пен сана туралы айтылған", - дейді автор.
Оның айтуынша, шығарманы жазуға бір жылдан артық уақыт жұмсалған. Жазушы құжаттарды зерттеп, терроризмге қарсы органдардың көмегіне жүгінген. Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов спектакльді екі айдың ішінде қойған.
Драма қарапайым қазақ отбасы туралы. Асқар мен Гүлнұр атасы мен әжесінің қолында өсіп жатқан қыздарына бір жылдан астам уақыттан бері бармайды. Бұған олардың теріс діни ағымды ұстанатыны себеп болады. Жастар жағдайдың мән-жайын тек қыздарымен бірге шетелдегі террористер лагеріне түскенде ғана түсінеді. Бірақ олар ол жерден шыға алмай қалады.
Спектакль азаматтарды бейбітшілікті, отанымызды және отбасымызды бағалауға, сондай-ақ, басты кейіпкерлердің қателігін қайталамауға шақырады. Спектакль 17 қазанда сағат 19-да басталады.