Жақсылық Үшкемпіров туралы фильм түсіріледі

26 Шілде 2018, 17:00
1
Жақсылық Үшкемпіров туралы фильм түсіріледі - Олимпияда чемпионы Жақсылық Үшкемпіров (үстінде) және болгар спортшысы Павел Кристов. XXII жазғы Олимпиада ойындары. © РИА Новости
Олимпияда чемпионы Жақсылық Үшкемпіров (үстінде) және болгар спортшысы Павел Кристов. XXII жазғы Олимпиада ойындары. © РИА Новости

Олимпиада чемпионы болған бірінші қазақ - Жақсылық Үшкемпіров туралы кино түсіріледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазақфильм" киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында "Жеңімпаз" атты (жұмыс атауы) киножобаның қорғалымы өтті. Бұл отырыста фильмнің шығармашылық тобы атқарған жұмыстары туралы және түсірілімге дайын екенін жеткізді. Картинаның сценарий авторы әрі қоюшы режиссері  -  жүзден астам деректі фильмнің авторы Бақыт Қайырбеков", - делінген хабарламада. 

Аталған спорттық драма Қазақстанның Еңбек Ері, грек-рим күресінің палуаны, Әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері (1980), Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы - Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі туралы баяндайды. 

"Бұл көркем фильм жанрында түсіргелі отырған менің алғашқы туындым. Картина 48 келі салмақтағы Олимпиада чемпионы болған алғашқы қазақ - Жақсылық Үшкемпіров туралы. Ол  түрлі мемлекет дәрежесіндегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінсе де, спортшыға  халықаралық ареналарға шығуға мүмкіндік бермеген. Тек 1980 жылы ғана ол Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарына қатысуға жолдама алып, әлемдік деңгейде өнерін көрсете алды. Фильм Оңтүстік Қазақстан ауылдарының бірінде дүниеге келген спортшының балалық шағынан бастап, бүкіл Кеңес одағы қошеметпен қарсы алған палуанның Олимпиада ойындарында жеткен жетістіктеріне дейінгі өмір жолын бейнелейді", - дейді фильмнің режиссері Бақыт Қайырбеков.

Қатарында кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов, кинодраматург Смағұл Елубай бар "Қазақфильмнің" Эксперттік кеңес мүшелері алдында түсірілім тобы көрме ұйымдастырған. Онда фильмде қолданылатын реквизиттер мен совет одағы дәуіріндегі спорттық костюмдер қойылған. Эксперттік кеңес алдында сөз алған фильмнің бас продюсері Тасболат Мерекенов түсірілімдер Өскемен, Талдықорған, Алматы және Алматы облысында жүретіндігін айтты. Сонымен қатар, кей сахналар Беларуссияда өтетінін де хабарлады. Айта кетелік, фильмнің түсірілім жұмыстары шіледің 29 басталып, қыркүйектің соңына дейін жалғасады. 

"Жақында ғана Қытайда өткен ШҰЫ аясындағы кинофестивальде "Қазақфильм" мен "Беларусьфильм" ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Осы іс-шарадан соң, Минскіге түсірілім тобымен барып, ондағы спорт нысандарын, 80-ші жылдарды еске салатын қажетті реквизиттерді көріп қайттық. Минскіде 80-ші жылдардағы Мәскеуге ұқсайтын көшелер сақталған екен. Онда  заманауи жарнама, дүкендер мен мейрамханалар жоқ. Минскідегі түсірілімдер тамыз айына белгіленген", - деді режиссер.

Кастинг-директор Айжан Дүйсембаевның айтуынша биыл наурыз айында жарияланған республикалық кастингке 1000 астам жасөспірім мен жеткіншек қатысқан. Ұзақ фото және видео сынақтан кейін басты рөлге Елнар Назарқұл мен Санұржан Сүлейменов бекітілген. Олар Жақсылық Үшкемпіріовтің бала кезі мен жеткіншек шағын сомдайды. Ал театр актері Олжас Сақ жігіт шағын ойнайтын болса, Қазақстанның Халық артисі, Жезқазған театрының актері Досжан Жанботаев 60- жастағы спортшының образын жасайды.

Эксперттік кеңес мүшелері жобаны қорғау барысында фильмге қатысты ойларын айтып, түсірілім тобына сәттілік тіледі. 

"Маған таңдаған актерлер ұнап отыр. Олар танымал емес. Жаңа актерлер. Бұл - картинаға шынайылық береді. Топ жақсы кино түсірсін деп тілеймін, өйткені Жақсылық Үшкемпіров фильм кейіпкері болуға лайықты тұлға", - деді Сатыбалды Нарымбетов.  

Сатыбалды Нарымбетовтың сөзіне қосылған Смағұл Елубай былай деді: "Біз Жақсылық Үшкемпіровтың өмір жолын білеміз. Оның жеңімпаз екені де бізге анық. Десе де фильмнің соңына дейін оның жеңімпаз атанатыны белгісіз болуы тиіс. Түсірілім тобына толық сенім білдіре отырып, сәттілік тілеймін". 

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (1)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай