Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов "Қазақфильм" киностудиясы аумағының келешекте де тек қана осы мекеме қажеттілігі үшін пайдаланылатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов "Қазақфильм" киностудиясы аумағының келешекте де тек қана осы мекеме қажеттілігі үшін пайдаланылатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Түрлі сыбыс айтылып жатыр, бірақ мен айтайын, "Қазақфильмнің" аумағы "Қазақфильм" үшін ғана пайдаланыла береді және басқа мақсаттарға пайдаланылмайды", - деді Есімов "Еуразия" кинофестивалінің ашылу салтанатында.
Бұған дейін мемлекет жекешелендіргелі отырған киностудияның 2012 жылды 50,7 млн теңге шығынмен аяқтағаны хабарланған болатын. Енді тікелей атаулы сауда арқылы киностудияның 49 пайызы жеке қолға берілгелі отыр. Жуырда ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов журналистерге "Қазақфильмнің" алдағы желтоқсан айында саудаға шығарылатынын хабарлады.
Еске сала кетейік, жыл сайын "Қазақфильм" ұйымдастыратын "Еуразия" кинофестивалі Алматыда 15 қыркүйекте ашылып, қыркүйектің 20-сына дейін созылады. Мерейтойлық фестиваль қазақтың ұлы режиссері Шәкен Аймановтың 100 жылдығы ұранымен өтіп жатыр. Фестивальдің негізгі бағдарламасына 12 картина енді. Негізгі байқаудан бөлек, "Шәкен Аймановтың 100 жылдығына", "Киномост", "Шығыс-Батыс", "Бүгінгі корей киносы" сияқты конкурстан тыс бағдарламалар да өтеді. Қазақ киносы "жаңа буынының" 30 жылдығына орай тағы бір конкурстық бағдарлама өткізіледі, оған Рашид Нұғманов, Абай Қарпықов, Ардақ Әмірқұлов, Әмір Қарақұлов, Талғат Теменов, Дәрежан Өмірбаев, Серік Апырымов, Сергей Соловьевтердің фильмдері еніп отыр.