Қазақстанда Карлаг еңбекпен түзеу лагерінде қамауда болған испан әскери тұтқындары жайлы көркем фильм түсірілмекші. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстанда Карлаг еңбекпен түзеу лагерінде қамауда болған испан әскери тұтқындары жайлы көркем фильм түсірілмекші. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Достарым, осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстанға Испаниядан мадридтік Plano a Plano жетекші кинокомпаниясы кинематографистері келген болатын. Алматы, Қарағанды, Астана қалаларында болған олар біздің елге деген сүйіспеншілігін жасыра алмады. Қазіргі таңда біз тарихи киножоба бойынша ынтымақтастық мүмкіндігін талқылаудамыз. Испаниялық продюсерлер мақсатты түрде Карлаг пен "АЛЖИР" музейлеріне барып, Қарағанды облысына жер аударылған әскери тұтқындар мен репрессияға ұшырағандар тақырыбын терең зерттеуге кірісті. Фильм Қазақстан тарихындағы қиын-қыстау кезең - 40-50 жылдар туралы болмақ", - деп жазды министр Facebook желісіндегі парақшасында.
Карлаг 1930-1950 жылдардағы ірі еңбекпен түзеу лагерлерінің бірі екені белгілі. Мұнда әртүрлі елдердің көптеген өкілімен қатар 150 испаниялық әскери тұтқын болған. Қазақстан сол қасіретті жылдар туралы архив құжаттарын ресми түрде Испанияға берген КСРО құрамындағы республикалардың ішіндегі бірінші ел болды. Бұл құжаттар тұтқындардың туыстары мен жақындары және зерттеушілер үшін баға жетпес айғақтар болды.
Қазақстанға Plano a Plano кинокомпаниясы өкілдері продюсерлер Цезарь Бенитес, Эмилио Амаре, сценарийшілер Хуан Карлос пен Росио Мартинез келді. Елімізге келмес бұрын олар испаниялық Энрико Гаспар Родригестің "Қарағандыда ұмытылғандар" деректі фильмін көріп, ондағы тұтқын ииспаниялықтардың тағдыры ерекше әсер етіпті. Қазақстан тарапынан "Жаңа әлем" продакшн" компаниясы жоба бойынша келіссөздерді жүргізуде.
"Қазақстанға сапарымыз біз үшін өте пайдалы және әсерлі болды. Біз сіздердің ұлы елдеріңіз, оның қиын да қызық тарихы туралы білдік, - деді Plano a Plano кинокомпаниясы продюсері Цезарь Бенитес. - Қазақстан халқының қайырымдылығы, тарихы бізді шабыттандырды, локациялар да ұнады. Қазақстанмен бірлесе репрессия кезіндегі адамдар тағдыры мен қарым-қатынастарын суреттейтін көркем фильм түсірмекшіміз. Біз әртүрліміз, айырмашылықтарымыз бар, бірақ бізге ортақ дүниелеріміз жетерлік".
Продюсер Цезарь Бенитес - 30-дан аса көркем фильм мен 20 шақты сериал түсірген тәжірибелі маман. Оның картиналарында басты рөлдерде атақты Пенелопа Круз бен Хавьер Бардем ойнады. Бардем тұңғыш марапатты Испанияда ең салиқалы "Гойя" премиясында Цезарь Бенитес продюсер болған "Бетпе-бет" фильмі үшін алғанын, ал олардың "Шындық" сериалы 135 елге сатылғанын айта кеткен жөн. Испаниялықтардың Netflix, Amazon сынды ірі платформалармен ынтымақтастық тәжірибесі мол, сондықтан олар Қазақстан-испан фильмі халықаралық аудиторияның, әсіресе испан тілінде сөйлейтін елдердің қызығушылығын туындатады деген үмітте.
"Қосымша айтарым, жақында қабылданған "Кинематография туралы Заң" копродакшндегі халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, кинонарық мамандарын тартуға және Қазақстанды халықаралық аренада көбірек көрсетуге мүмкіндік береді. Біз ынтымақтастық пен серіктестікке дайынбыз", - деп қорытындылады ол.