Қазақ режиссері Елзат Ескендірдің "Өліара" ("Off-season") қысқаметражды фильмінің тұсаукесер рәсімі Оңтүстік Кореяда Пусан кинофестивалінде өтеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақ режиссері Елзат Ескендірдің "Өліара" ("Off-season") қысқаметражды фильмінің тұсаукесер рәсімі Оңтүстік Кореяда Пусан кинофестивалінде өтеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Биыл Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында 6-15 қазан аралығында ХХІ Халықаралық BIFF кинофестивалі өтеді. Busan International Film Festival (BIFF) - Азия киноиндустриясында ғана емес әлемде шоқтығы биік кинобайқау. BIFF кинофестивалінде еліміздің жас киногері Елзат Ескендірдің "Өліара" ("Off-season") қысқаметражды фильмінің премьерасы өтеді және "Wide Angle section: Short Film Competition" конкурстық бағдарламасында басты жүлделі орынға таласады. Отандық "Tanaris Production" кинокомпаниясының өнімі негізгі үміткерлер қатарында.
21 жылдық тариxы бар Халықаралық Пусан кинофестивалінде World Premiere-сы (әлемдік премьерасы) өтетін "Өліара" фильмінің қоюшы режиссеры Елзат Ескендір - Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының түлегі, Ираклий Квирикадзе шеберханасында тәлім алған жас киногер. Сценарий авторлары - Елзат Ескендір және Өміржан Әбдіхалықұлы. Басты рольдерде - белгілі актерлер Асылболат Смағұлов, Баян Қажынәбиева, Дулыға Ақмолда және баланың рөлін Мақсат Әбдірахман ойнайды. Продюсер - Сергей Азимов, Co-продюсерлері - Анна Вилгельми (Германия), Дария Азимова, Атқарушы продюсері - Дәурен Дариябек.
"Шығыс мәдениетін әлемге үлгі етуді мақсаты тұтатын кинобайқаудың конкурс тізіміне ілігудің өзі - үлкен мәртебе. Бұйыртса терең психологиялық драмаға құрылған "Өліара" туындысы - Пусан BIFF кинофестивалінен олжасыз қайтпайды деп үміттенем әрі оған шығар күндей сенем", - деп пікір білдірді кинокартинаның атқарушы продюсері Дәурен Дариябек.