Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында "Қыз бен теңіз" атты толықметражды көркем фильмнің түсірілімі аяқталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында "Қыз бен теңіз" атты толықметражды көркем фильмнің түсірілімі аяқталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген бұл фильмнің режиссерлері әрі сценарий авторлары Әзизжан Заиров пен Мұхамед Мамырбеков
"Қыз бен теңіз" фильмінің негізі өмірден алынған оқиғадан тұрады. Бас кейіпкер қыз АРДИ мүгедек балалары бар ата-аналар ассоциациясы оңалту орталығының тәрбиеленушісі Динара Шәріпова. Ақ жарқын, еңбекқор, көмек қолын әрдайым созуға дайын тұратын Динара өте өжет. Фильмдегі бас кейіпкердің есімі Әсел. Оның бар арманы - махаббатын кездестіріп, отбасын құру және бала табу.
"Әлеуметтік фильмдерді түсіруден ұққаным, мүмкіндігі шектеулі жандарға кинематограф арқылы келген арт-терапияның әсері инклюзивті (барлығы қамтылған)болатынын түсіндім. Әлеуметтік бағытта түсірілген "Быть или не быть?" және "Қыз бен теңіз" жобаларынан кейін біздің "актерлеріміздің" қалай өзгеріп, өздеріне деген сенім пайда болғанын байқадым. Соның арқасында қоғам өміріне именбей араласуға дайын екендері көрініп тұр. Менің өзім балалар үйінде тәрбиеленгендердің бірімін. Маған кезінде өмірге деген құштарлықты үйреткен осы өнер, кинематограф. "Қыз бен теңіз" фильмі көрермендерге мүмкіндігі шектеулі адамдардың қандай қиындықтармен кезігіп, қандай қиындықтарды бастан кешіріп отырғандарын көрсетеді. (...)", - деді Азизжан Заиров.
Қазір жоба постпродакшн кезеңінде тұр. Фильмнің түсірілімдері Алматы қаласында және Қапшағай жағалауында өткен. Фильмге түскендердің барлығы дерлік кәсіби актерлер емес, мүмкіндігі шектеулі адамдар (БЦП диагнозы және психикалық даму бөгелесі бар). Ал бас кейіпкердің әпкесі рөліне театр және кино актрисасы Гүлбахрам Байбосынова шақырылған.
"Түсірілген материалдарға шығармашылық топтың көңілі толады. Өйткені, бәріміз де осы жобаға барымызды салдық. Түсірілім барысында бір кадрды бірнеше рет қайталап түсіре берген кездеріміз болды. Олай істеген себебіміз, кейіпкерлеріміз қажетті эмоцияны және көңіл-күйін нанымды бере алса екен дедік. Біздің актерлеріміздің бар талантын салып, өздерінің шығармашылық әлеуетін барынша көрсете алуын қаладық. Ертеңгі күні, фильмді көріп отырған көрермен фильмдегі кейіпкерлердің инва арбаға тағылғанына жаны ашып қол шапалақтауы емес, олардың актерлік ойынына таң-тамаша болса екен деген мақсат қойдық", - деп қосты Азизжан Заиров.
Айта кетейік, фильмнің режиссерлері -Мұхамед Мамырбеков; Әзизжан Заиров, сценарий авторлары: Мұхамед Мамырбеков, Әзизжан Заиров; қоюшы операторы - Тимур Итенов; қоюшы суретші - Джал Ибрагимов; костюм жөніндегі суретші - Наталия Баженова; атқарушы продюсері - Дина Нұрмұханова; продюсері - Әзизжан Заиров.
Рөлдерде: Динара Шәріпова, Тахир Умаров, Қанағат Тасқараев, Гүлбахрам Байбосынова, Сауран Қастеев, Алмат Әділбаев және басқалары.