Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Елбасы жолы" киноэпопеясының "Жұлдыздар тоғысқанда" деп аталатын соңғы бөлімінің премьерасына барды,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Елбасы жолы" киноэпопеясының "Жұлдыздар тоғысқанда" деп аталатын соңғы бөлімінің премьерасына барды,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Фильмнің алғашқы көрсетілімі Астанадағы "Қазақстан" Орталық концерт залында өтіп жатыр. Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірілген. Фильм режиссері әрі сценарисі - ҚР Мемлекеттік жүлдесінің лауреаты, Ресейдің халық әртісі Сергей Снежкин ("Белая гвардия", "Брежнев", "Цветы календулы", "Женский роман").
Сюжет бойынша, ағылшын жазушысы Джереми Вильсон Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянын жазу мақсатында онымен кездесуге тырысады. Дегенмен сұхбат мемлекеттің құрылуы туралы ертегіге айналады. Журналист Нұрсұлтан Назарбаев еске алған оқиғалардың куәсі болады.
Президент туралы фильмнің бесінші бөлімін ресейлік режиссер Сергей Снежкин түсірді. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың ролінде бесінші бөлімде Берік Айтжанов ойнайды, алдыңғы бөлімдерінде Президент болып Нұрлан Әлімжан ойнаған болатын. Тұңғыш Президенттің қыздарының ролін қазақстандық актрисалар - Қарлығаш Мұхамеджанова мен Динара Бақтыбаева сомдайды.
Сонымен қатар, картинадан Хью Фрейзер, Алтынай Нөгербек, Игорь Угольников, Сергей Гармаш, Дарья Мороз, Алексей Гуськов, Алдабек Шалбаев, Азамат Сатыбалды, Ғани Құлжанов, Еркебұлан Дайыров, Жанель Мақажанова, Ричард Кордери мен Стивен Пейсиді көруге болады. Фильмнің түсірілімі Қазақстан мен Ресейде өтті.
"Жұлдыздар тоғысқанда" фильмінің түсірілім жұмыстарына мемлекет 1 миллиард 200 миллион теңге бөлді. Картинаны түсіруге демеушілердің қаражаты да жұмсалды.
Айта кетейік, лента кинотеатр экрандарына 28 сәуірде шығады.