Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова 100 жасында "Қазақфильм" киностудиясынан киноға түсуге шақырту алды, - деп хабарлайды "Қазақстан" телеарнасындағы "Таңшолпан" бағдарламасы.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова 100 жасында "Қазақфильм" киностудиясынан киноға түсуге шақырту алды, - деп хабарлайды "Қазақстан" телеарнасындағы "Таңшолпан" бағдарламасы.
Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы актрисаға Қалибек Қуанышбаев туралы киноға түсуге ұсыныс жасады. Ғасыр жасаған сахна саңлағы Хабиба Елебекованың айтуынша, ол 100 жасында да киноға түсуге дайын. "Театрға 17 жасымда келдім. Театр - менің қарашаңырағым", - деді актриса. Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын ерекше құрметтейтін өнер иесі өзін мерейтоймен құттықтап барған телеарна тілшілеріне оның өлеңін жатқа оқып берді.
Айта кетейік, Хабиба Елебекова театр өнеріне 70 жылдан аса қызмет етті. Ол шілде айында 100 жасқа толады. Елебекованың театр сахнасында сомдаған алғашқы ролі - Қарагөз (Ж.Шаниннің "Арқалық батыр" спектаклінде). Актрисаның ойнаған рольдерінің жалпы саны 100-ден асады. Олардың ең көрнектілері - Мұхтар Әуезовтің "Абайындағы" Қанікей, Ұлжан, "Қарақыпшақ Қобыландыдағы" Күнікей, Ғабит Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш - Баян Сұлуындағы" Мақпал, Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсіреповтің "Амангелдісіндегі" Қырмызы, Бейімбет Майлиннің "Майданындағы" Мамық, Қасым Аманжоловтың "Досымның үйленуіндегі" Айғаным, Иран-Ғайыптың "Естайдың Қорланындағы" Айнаш образдары.