04 қараша 2016 | 15:06

Тұңғышбай Жаманқұлов түсіруі тиіс болған "Феникс" фильмі не жайлы?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Видео кадры Видео кадры

Бүгін, 4 қарашада қазақстандық белгілі актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұловтың "Феникс" фильміне бөлінген қаражатты жымқырғанын мойындағаны белгілі болды.


Иконка комментария блок соц сети

Бүгін, 4 қарашада қазақстандық белгілі актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұловтың "Феникс" фильміне бөлінген қаражатты жымқырғанын мойындағаны белгілі болды.

Tengrinews.kz тілшілері бұл картинаның идеясының авторы кім екенін, фильмнің түсірілімдері неге өтпей қалғанын және "Феникс" деп аталған картинаның сюжеті не жайында екенін анықтады.

2014 жылы қазақстандық режиссер Талгад Жәнібеков ғылыми-фантастикалық триллердің сценариін ұсынған. Сол уақытта картинаның продюсерлігін Тұңғышбай Жаманқұлов алған. Осыдан редакция алқасы жобаның дайындық алды кезеңін бекітіп, мәдениет министрлігінің тапсырысымен 79 миллион теңге бөлінген.

"Дайындық алды кезең - команданы, актерлерді, продюсерлерді, режиссерлерді жасақтау, кастингті бекіту. Олар команда жинап, кейін натураны таңдап, режиссерлік сценариді дайындауды бастайды. Бірақ режиссерлік сценарий кезеңінде фильм бекітілмей қалған және дайындық кезеңіне өтпеген. Дайындық кезеңі - техниканы жалдау және тағы сол сияқты жұмыстар. Дәл осы кезеңде барлық жұмыс тоқтап қалды", - деді "Қазақфильм" АҚ PR қызметінің өкілдері. Ал бөлінген қаражат игерілмеген.

"Барлық жоба төрт кезең бойынша қаржыландырылады: төрт кезеңге бөлінеді: дайындық алды кезең, дайындық кезеңі, түсірілім кезеңі және монтаждау кезеңі. Сәйкесінше, бірінші кезеңнің қалай өтіп жатқанына байланысты есеп беріледі, кейін ол бекітіліп, Мәдениет министрлігі келесі кезеңге келесі соманы бөледі", - деді "Қазақфильм" өкілдері картинаның жұмысы бірінші кезеңнен ары аспағанын атап.

"Шартты түрде айтар болсақ, жағдай былай болды: дайындық алды процеске 79 миллион теңге бөлінді. Кейін тапсырысты мәдениет министрлігі бекітпеді, себебі бұл қаражаттың қайтарылуына күмән болды деген пікірлер айтылды, ал оның қайтарымы болуы тиіс еді - бұл мемлекеттік қаражат. (...) Ештеңе жасалған жоқ. Тек осы трейлер пайда болды", - деді киностудияның PR қызметіндегілер.

Еске салайық, 2015 жылдың жазында картина режиссері Талгад Жәнібеков картинаның өндірісі тоқтатылғанын және мұның Қазақстанның Мәдениет министрлігінің тарапынан болғанын мәлімдеген. Ол ведомствоны түсірілім жұмыстарын тоқтатып тастады деп айыптады.

"2014 жылдың қазанында Мәдениет министрлігінің басшылығы ауысқаннан кейін тоқтап қалдық. Бізге кедергі жасай бастады, тоқтатып тастады. Біздің компаниямызға сенімсіздік танытты. Кейін девальвацияға байланысты қосымша қаражат іздей бастадым. Тіпті Росғарышпен келіссөздер жүргіздім", - деген еді бұған дейін халық әртісі, картина продюсері Тұңғышбай Жаманқұлов.

Оның айтуынша, кейін картинаны дайындаушылар ресейлік-америкалық Aldamisa Entertainment компаниясымен келіссөз жүргізген. Бұл компанияның басшылығы "Қазақфильммен" әріптестікке келісім берген. Сөйтіп, "Қазақфильм" мен Aldamisa Entertainment картинаның өндірісіне 550 миллион теңге бөлетін болып келісімшарт жасалған. Продюсерлер қазақстандық тараптың өз міндеттерін орындамай жатқанын айтқан. Ал "Феникс" фильмін режиссер 2015 жылдың желтоқсанында дайындап беруі тиіс болған.

2016 жылдың жазында Талгад Жәнібеков мәдениет министрін бопсалады деп айыптап, видеожазба жариялады. Ведомство басшысы, оның сөзінше, "Феникс" фильмін қаржыландыру үшін пара сұраған. Өз кезегінде министр мәселені сот арқылы шешуді ұйғарады. 

Ал өткен аптада, 25 қазанда Астананың Сарыарқа аудандық №2 соты осы іске байланысты шешім шығарды. Соттың шешімі бойынша, Жәнібеков министрге негізсіз және дәлелсіз жала жапқан. Осылайша сот режиссерді жала жапқаны үшін бір миллион теңгеден аса айыппұл төлеуге міндеттеді.

2016 жылдың 2 қарашасында актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұловтың ұсталғаны хабарланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы "Феникс" көркемфильмінің түсірілімдеріне бөлінген қаражаттың жымқырылғанын анықтаған болатын.

"Феникс" фильмінде 1978 жылы болған оқиғалар баяндалуы керек еді. Сюжет бойынша, кеңес заманында ғалымдар ауаға зиянды заттарды шығарады. Олардың бұл әрекеті қоршаған ортаға зиянын тигізіп, Жер шарына қауіп төнеді. Фильм кейіпкерлері - ғалымдар Аман Ахметов пен Сергей Скворцов "Феникс" деп аталатын жоба құрастырады. Бұл жоба әлемді құтқаруы тиіс. Жер жүзінің барлық ғалымы бірігіп, апаттың алдын алуға және ғаламшарды құтқаруға жұмылады. Фильм жұмыстарына ғылыми кеңесші ретінде ғарышкер Талғат Мұсабаевтың қатысқаны жайлы да мәлімет тараған.

"Сюжет бойынша, әлемді құтқару үшін "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғалымдар "Феникс" деп аталатын құрылғыны ғарышқа жіберуі тиіс, сөйтіп, құрылғы жерді аман алып қалады. Сюжеті жалпы ғарыш туралы", - деп атап өтті PR мамандар картина жайлы әңгімелей отырып.

Картинада басты рөлдерде Тұңғышбай Жаманқұлов, Төлепберген Байсақалов және Голливуд жұлдыздары ойнауы керек болған. Бұл жұлыздардың кейбірімен тіпті келіссөздер де жүргізіліпті. Фильм 12 сәуірде, яғни Ғарышкерлер күні шығуы тиіс еді.

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 494.98   521.17   4.92 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети