Қызылордада полицейлер 11 пәтерді тонауға қытысы бар деген күдікпен 23 жастағы қызды ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қызылорда ОІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызылордада полицейлер 11 пәтерді тонауға қытысы бар деген күдікпен 23 жастағы қызды ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қызылорда ОІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"2017 жылдың 26 қаңтарында Қызылорда қаласының тұрғыны Арай мөлтек ауданы аумағындағы үйіне белгісіз біреулер кіріп, үйде ешкім жоқ екендігін пайдалана отырып, алтын, күміс бұйымдарын, Asus үлгісіндегі ноутбугын, Nokia маркалы ұялы телефонын ұрлап кеткендігін хабарлаған. Нәтижесінде үй иелеріне 325 000 теңге көлемінде шығын келген. Ұйымдастырылған жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері облыс орталығының 1993 жылы тұрғынын ұстады", - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.
Полицейлердің мәліметі бойынша, тергеу жұмыстары барысында күдіктінің пәтер ұрлықтарының тағы 10 дерегіне қатысы бары анықталды. 23 жастағы қыз барлық қылмысын бір жүйемен іске асырған. Ол пластик терезелері бар үйлерді таңдап отырған. Үй қожайындары жоқ екендігіне көз жеткізіп, терезені күштеп ашқан. Үйдегі алтын бұйымдарды, ақша, ұялы телефондар мен ноутбуктарды қолды еткен. Негізінен барлық ұрлық қылмыстары күндізгі уақытта, яғни, сағат 09.00-ден 18.00 аралығында жасалған. Зардап шегушілерге келген жалпы шығын 2 миллион теңгеге жуық.
Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 2-тарауы ("Ұрлық") негізінде қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Айғақ заттар алынып, күдіктінің өзге қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатыр.