Ақмола облысында төрт адамның өліміне әкеп соққан жол апатын жасаған жүргізуші сотталды

04 Мамыр 2017, 19:15
0
Ақмола облысында төрт адамның өліміне әкеп соққан жол апатын жасаған жүргізуші сотталды -

Ақмола облысы Бурабай аудандық сотында жол жүрісі қағидаларын бұза отырып, абайсызда төрт адамның  өліміне әкеп соқтырған іс-әрекеті үшін айыпталушы Низам Мехтиевке қатысты қылмыстық іс қаралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Соттың хабарламасында қылмыстық істің келісімдік іс жүргізуде қаралғаны айтылады. Кінәсін мойындау туралы процесстік келісімге сәйкес, сотталушы Мехтиев өз кінәсін толық мойындап, прокурордың ұсынған 5 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру, көлік құралдарын басқару құқығынан 5 жылға айыру жазасына келіскен.

Жәбірленушілер процесстік келісімнің шарттарымен келісіп, қарсылық білдірмепті.

Сот сотталушының оң мінездемесін, қылмыстың алғашқы рет жасалуын, іс бойынша зиянның болмауы, жәбірленушілердің пікірлері мен сотталушының өкінуін ескерген. Сондай-ақ, қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайларын сот анықтаған жоқ.

"Сот үкімімен Мехтиев Низам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнің 345-бабының 4-бөлігімен (Жол жүрісі қағидаларын бұзуы, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соғу) кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан және 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Н.Мехтиевке қатысты пробациялық бақылау орнатылды", - делінген хабарламада.

Еске салайық, Ақмола облысында өткен жылдың 5 желтоқсанында жолаушылар автобусы мен жеңіл көлік соғысып, төрт адам қаза тапқан. Жол апаты сағат 14.10-да Атамекен ауылынан 10 шақырым жерде болған. Полиция мәліметінше, Бурабайдан шыққан 49 жолаушысы бар автобус Астанаға барар жолда алдында кетіп бара жатқан Nissan Cefiro артынан соққан. Жеңіл көлікте отырған үш әйел автомобильдің салонында қаза болған. Сонымен қатар, автобус соққыдан кейін, жол бойында тұрған ВАЗ-2106 көлігінің жүргізушісін қағып өлтірген. Кейін полицейлер ірі жол апатының мән-жайын айтып берген еді. Осы жол апатынан қаза болған Құмарбек Жәкетай өз өліміне екі минут қалғанда баласына хабарласып, сақ болуын сұрапты.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай