Алматы тұрғыны Tengrinews.kz тілшісіне алаяқтықтың жаңа түрін айтып берді.
Алматы тұрғыны Tengrinews.kz тілшісіне алаяқтықтың жаңа түрін айтып берді.
Tengrinews.kz редакциясына жүгінген қыз телефонын сатып алған адам оның атынан микрокредиттік ұйымнан несие рәсімдегенін хабарлады. Ер адам оған ақша аудару үшін ЖСН нөмірін жазуды сұраған, қыз оған сеніп, жеке деректерін жіберген. Екі күн өткен соң алматылық кәсіпкер оның атына микрокредиттік ұйымдардан екі несие рәсімделгенін, осылайша енді 150 мың теңге пайызымен төлеуі тиіс екенін білген.
"2020 жылдың 7 қазанында ұялы телефонымды 90 мың теңгеге сату үшін olx.kz-те хабарландыру жарияладым. Сол күні маған WhatsАpp-та белгісіз ер адам телефонды сатып алуға ниет білдіріп қоңырау шалды. Ол менің банк картама басқа банктің картасынан ақша жіберетінін айтты және ол үшін ЖСН нөмірімді жіберуді өтінді, мен орындадым. Картама 90 мың теңге түсті, телефонды алып кетуге такси жіберді. Содан кейін 9 қазанда картама тағы 60 мың теңге түседі. Осыдан кейін сол жігіт қайта қоңырау шалып, байқамай ақша жіберіп қойғанын айтты... Ол ақшаны қайтаруымды сұрады, мен оны әйелінің картасына аудара алатынымды айтты. Маған телефон нөмірін жіберді, мен осы нөмірге тіркелген картаға 60 мың теңгені қайтардым", - деді қыз.
Алматы тұрғыны әлеуметтік желілерде осыған ұқсас оқиғаны көрген екен. Осыдан кейін ол Бірінші несие бюросы арқылы несие туралы ақпарат тексерген. Нәтижесінде өз атында бірден екі микрокредиттік ұйымда несие барын анықтаған. Алаяқтар жаңа нөмір сатып алып, оған несие рәсімдеген. Кейін осы қаржы ұйымдарын тауып, сол жерге барып, оның атына жасалған шарттарды көрген. ЖСН-нен бөлек ақпарат қате болып шыққан.
Қыз полицияға өтініш жазды. Алматы ПД баспасөз қызметі азаматшадан өтініш қабылданғанын хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны да осыған ұқсас жағдайға тап болған еді.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!