Ақтауда КамАЗ жүк көлігімен ірі көлемде есірткі тасымалдап бара жатқан екі азамат ұсталды. Олар марихуана мен гашишті пияз бен қырыққабаттың арасына жасырған, - деп хабарлайды "Астана ТВ".
Ақтауда КамАЗ жүк көлігімен ірі көлемде есірткі тасымалдап бара жатқан екі азамат ұсталды. Олар марихуана мен гашишті пияз бен қырыққабаттың арасына жасырған, - деп хабарлайды "Астана ТВ".
Олар Жамбыл облысының тұрғыны болып шықты. Ішкі істер департаменті есірткіге қарсы күрес басқармасының дерегіне сай, көлікті тінту кезінде 14 қап марихуана табылған. Жалпы салмағы - 386 келі. Олар жүк көлігіндегі көкөніс салынған қаптардың арасына жасырылған екен.
Бұдан бөлек үш қалташадан 7 келі гашиш шыққан. Тергеу барысында есірткі заттарының Жамбыл облысында жасалғаны анықталды. Ұсталған екеу оны Ақтауға сату мақсатында жеткізген болуы мүмкін.
"Аталған жәйт бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі ("Ірі мөлшердегі Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу") бабы бойынша іс қозғалды. Оларға 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген", - деді Маңғыстау облыстық ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысы Алтынбек Тұрарұлы.