Ақтөбеде 16 жастағы Ислам Төреғали мен 27 жастағы Сырлыбай Самат жұмбақ жағдайда өлі табылды. Олардың отбасы оқиғаға қатысты алғаш рет ашық пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
2 желтоқсанда жоғалып кеткен екі тұрғын қала маңынан өлі табылды. Олардың бірі 10-сынып оқушысы, ал екіншісі 27 жастағы ер адам. Олар бұған дейін бір-бірін мүлдем танымаған.
Марқұм Ислам Төреғалидің анасы Айгүл Кереева баласының денесін көрген сәтті қорқынышпен еске алады.
"Исламның денесін моргтен жабық пакетпен берді, ашуға тыйым салды. Бірақ біз ашып көрдік. Денесінде сау жер қалмаған. Бетінен бастап бүкіл денесі соққы іздерінен көгеріп кеткен. Балам өздігінен суға кетуі мүмкін емес... Оны біреу өлтірген. Ол кімге кедергі болуы мүмкін? Небәрі 16 жаста ғана. Ал жанынан табылған ер адамды ешқашан көрмегенбіз", - дейді қайғыдан қан жұтқан ана.
Отбасы Кұлсарыға марқұмды жерлеуге барып, жақында оралған. Олар сот-медициналық сараптама нәтижесін күтіп отыр.
Ислам Төреғали. Сурет отбасының рұқсатымен алынған
Айгүл Кереева сол күнгі түнді еске алып, ұлы үйде жоқ болғанын байқағанын айтты.
"Біз бірден іздеуге кірістік. Мен оған қоңырау шалдым: қоңырау барып тұрды, бірақ жауап бермеді… Келесі күні көлік табылды. Алдыңғы есіктері ашық тұрған, артқы орындықта Исламның телефоны жатқан. Баламның оралмайтынын білемін. Бірақ түсінгім келетініі: неге оған сонша қатігездік жасаған? Істе үшінші бір адам бар екеніне сенімдімін", - дейді Айгүл Кереева.
Самат Қалиев, марқұм Самат Сырлыбайдың әкесі. Фото ©️ Tengrinews.kz
Екінші марқұм Сырлыбай Саматтың әкесі Самат Қалиев та сұрақтар көп екенін айтады. Алдын ала мәлімет бойынша, дәл осы Сырлыбай Исламды моншадағы жұмысынан кейін алып кеткен.
"Ұлым бізбен тамақ ішті де, кетіп қалды. Ересек адам болған соң уайымдамадық. Кейін оның денесін судан тапты. Денесінде зорлық белгілері болған жоқ. Бірақ оны жасөспіріммен не байланыстыруы мүмкін? Олар бір-бірін танымайтын, бір жастағы адамдар емес. Екеуі қалай бірге болғанын түсіне алмадық", - дейді ол.
Сырлыбай Самат. Сурет отбасының рұқсатымен алынған
Сырлыбайдың көлігін де Елек өзенінің маңындағы бос аумақтан табылған. Ішінен екі марқұмның телефондары шықты.

Туыстарды алаңдатқан басты жайт - көлік тұрған жердің дәл үстінде бейнебақылау камерасы болған.
"Бұл камера бәрін, әр қимылды түсіруі тиіс еді. Бірақ бізге жазбаларды көрсетпей отыр: тергеу жүріп жатыр. Біз тек соған үміт артып отырмыз. Мүмкін, шын мәнінде не болғанын анықтап берер", - дейді Исламның әпкесі Нұрханым Төреғалиева.
Полиция оқиғаға қатысты пікір білдірген жоқ. Ресми түрде іс өлім себебі анықталмаған жағдай ретінде тергеліп жатыр.
Отбасылардың айтуынша, тым көп күмән, тым көп беймәлім жайт бар. Олар шындықтың ашылуын және толық, әділ тергеу жүргізілуін талап етеді.
Еске салайық, Ислам Төреғали 30 қарашада жеке моншадағы жұмысынан кейін үйіне оралмаған. Түнде туыстары оның жоқ екенін байқап, полиция, құтқарушылар, әскерилер жұмылдырылған кең ауқымды іздеу жұмыстары басталған. Дрондар, кинологтар мен сүңгуірлер тартылды.
Кейін Исламның әпкесі бейнебақылау жазбаларын жариялап, қала тұрғындарынан көмек сұраған болатын.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!