Ақтөбедегі Есет батыр атындағы спорт мектебінің 8-сынып оқушысының өліміне қатысты іс бойынша оқушы мен студентке сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақтөбедегі Есет батыр атындағы спорт мектебінің 8-сынып оқушысының өліміне қатысты іс бойынша оқушы мен студентке сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сот мәліметінше, биыл 11 сәуірде Қ.Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 2-курс студенті осы оқу орнының еркін күреспен айналысатын 8-сынып оқушыларының тәртіптері мен спорттағы нәтижелерінің нашарлауына байланысты жиналыс ұйымдастыру қажет деп шешкен. Сол күні кешкі жаттығудан кейін 8-сыныптардың оқушыларына мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің бөлмесіне жиналу қажет екенін айтқан. Ал оларды жинауды Ж.-ға және басқа да 9-10-сыныптың оқушыларына тапсырған.
Ж. сотталушы Қ.-пен ойы бір екенін білдіріп, сол күні сағат 21:00 шамасында 8-сынып оқушыларын бөлмеге жинауға қатысқан. Кейін бөлмеге Қ. келіп, 8-сынып оқушыларын бір сапқа тұрғызып, оларға моральдық пен физикалық қысым көрсетіп, жиналыс жасауға ешқандай өкілеттігі болмаса да, олардың тәртібі мен спорттағы нәтижелерінің төмендеп кеткенін айтып, Ж.-ға және басқа да 9 және 10-сыныптың оқушыларына 8-сынып оқушыларын ұрып өтуге нұсқау берген.
Қ. 9-сынып оқушылары Х. мен Ұ.-ға 8-сынып оқушыларын жай ұрғандарын айтып, қайта қаттырақ ұруды талап еткен. Олар қайта 8-сынып оқушыларын ұрып шыққан.
"Кейін Ж. 8-сынып оқушысы Ә.-ге келіп, оның екі бетінен алақанмен ұрып, онымен тоқтамай, екі иығынан екі қолымен ұстап, оң тізесімен Ә.-нің төс бөлігіне соққы жасап, оның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірген. Соның салдарынан Ә. есін жоғалтып, арқасымен құлап, кейін қайтыс болған", - деп жазылған хабарламада.
Сот отырысында прокурор сотталушы Ж.-ға 6 жыл 8 айға, Қ.-ға 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер және оның өкілі сотталушыларға қатаң жаза тағайындауды сұрады. Сотталушылар өз кінәларын мойындамады, ал олардың қорғаушылары Қ.-ны ақтауды, ал Ж.-ның қылмыстық әрекеттерін ҚК-нің 104-бабының 1-бөлігіне қайта саралауды сұрады.
Сот қылмыстық жаза тағайындау кезінде сотталушылардың бұрын сотталмағанын, сотталушы Ж.-ның кәмелет жасқа толмағанын қылмыстық жауаптылық пен жазасын жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот үкімімен сотталушы Қ. кінәлі деп танылып, оған 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, ал сотталушы Ж. кінәлі деп танылып, оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!