Атышулы "Әліби ісіне" қатысты үкім шыққаннан кейін Қайрат Жамалиевтің жұбайы КТК тілшілеріне эксклюзивті сұхбат берді.
Атышулы "Әліби ісіне" қатысты үкім шыққаннан кейін Қайрат Жамалиевтің жұбайы КТК тілшілеріне эксклюзивті сұхбат берді.
Тілшілерге берген жауабында Алена Жамалиева соттың Қайрат Жамалиевтің тәркілеген мүлкінің жартысын алуы керек болғанын мәлімдеді. Оның ойынша, "миллиардтарға бағаланған барлық дүние-мүлік заңсыз тәркіленген". "Судья күйеуіме әділетсіз жаза кесті. Ұзақ жылға қамағаны былай тұрсын, екеуміз 20 жыл бойы бірге тапқан дүниемізді мемлекеттің меншігіне өткізіп тастады. Мен оның заңды әйелімін. Сот осыны ескеріп, мүліктің жартысын маған қалдыруы керек еді. Балаларымды енді қалай асыраймын?", - деді ол тілшілерге берген жауабында.
Сонымен қатар, телеарна тілшілерінің мәліметінше, Жамалиевтің әйелі енді халықтан көмек сұрауға кіріскен. Ол Instagram әлеуметтік желісінде парақша ашып, сонда күйеуіне жаза кескен судьяның үкіміне қарсылық танытып жатыр.
Қайрат Жамалиевті қолдау үшін ашылған бұл парақшаға бір күнде 5 мыңға жуық адам жазылып үлгеріпті. Біразы Жамалиевті жақтап жатса, енді біреулер мұның қоғамда дау туғызу үшін әдейі ұйымдастырылғанын жазған. Сонымен қатар, енді Алена Жамалиеванің аппеляциялық шағым түсіргелі жатқаны хабарланып отыр.
Еске сала кетейік, таяуда кәсіпкер Қайрат Жамалиевтің 13 жылға сотталғаны, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болғаны жазылған еді. Сонымен бірге, оның мүлкі тәркіленетіні белгілі болды. Бұл істі қарап жатқан сот төрағасы Ербол Рахымбеков биылғы 11 маусымда басталған атышулы сот процесіне нүкте қойды. Соттың жабық түрде өткен іс қарауы екі айға жуық уақытқа созылды.