Алматы қалалық Ішкі істер департаментіндегілер Аграрлық университеттің студенті Тілеугүл Қуаныштың өліміне қатысты оқиғаның мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы қалалық Ішкі істер департаментіндегілер Аграрлық университеттің студенті Тілеугүл Қуаныштың өліміне қатысты оқиғаның мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Еске сала кетейік, 31 шілдеге қараған түні 19 жастағы студент қыз Алатау ауданы "Алғабас" ықшамауданындағы көпқабатты үйдің 8-қабатынан құлап кетіп мерт болған еді.
Полициядағылар қызды біреулердің ұрлап әкеткені жайлы мәліметті растамай отыр.
"Қызды бір топ адамның ұрлап әкеткені жайлы мәлімет шындыққа жанаспайды. Видеобақылау камераларындағы материалдар сарапталды. Онда қыздың жігітпен өз еркімен пәтерге кіріп бара жатқаны көрінеді. Қазіргі уақытта бұл дерек Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелді. Сараптамалар тағайындалды", - деп хабарлады Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Полиция мәліметінше, жігіттен жауап алынып жатыр.
"Тергеу барысында оның берген түсініктерін жариялауға болмайды. Толық кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Жігітті қамауға алуға әзірше негіз жоқ. Оның осы іске қатысы бар екені расталса, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданатын болады. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр", - деді Салтанат Әзірбек.
Осыған дейін "КТК" телеарнасы Алматыда бір топ жігіттің 19 жастағы қызды ықтиярсыз алып кетіп, көпқабатты үйлердің біріне апарғанын хабарлаған болатын. Ал әйел болуға еш көнбеген Тілеугүл Қуаныш 8-ші қабаттан секіріп кеткен делінген еді. Марқұм Қазақ ұлттық аграрлық университеті биотехнология факультетінде оқыған екен. Бірінші курсты енді ғана бітірген.