Алматы облысында "Дәулет" ауылында өткен жексенбіде 33 жастағы күдікті ажырасқан әйелін бірнеше жерінен пышақтап, жауыздықпен өлтіріп тастаған, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы. Сонымен қатар, қылмыскер марқұмның ата-анасына қоқан-лоқы көрсетіп, оларды да сеспей қатыруға уәде етіпті. Қара жамылған отбасы енді бұрынғы күйеу балалары Бақтыбай Болатбаевтан қорқып отыр.
Алматы облысында "Дәулет" ауылында өткен жексенбіде 33 жастағы күдікті ажырасқан әйелін бірнеше жерінен пышақтап, жауыздықпен өлтіріп тастаған, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы. Сонымен қатар, қылмыскер марқұмның ата-анасына қоқан-лоқы көрсетіп, оларды да сеспей қатыруға уәде етіпті. Қара жамылған отбасы енді бұрынғы күйеу балалары Бақтыбай Болатбаевтан қорқып отыр.
Алматы облысы Дәулет ауылында 31 жастағы әйелді өлтірді деген күдікпен бұрынғы күйеуі ұсталды. "Оны кешкі бестер шамасында ұстаған. Ол Алматыда жалдамалы бір пәтерлердің бірінде тығылып жатқан. Содан кейіе оны осы қылмыс болған жерге алып келіп, сұрау алды. Ол полицияның жетектеуімен сол үйде жүр", - деді Арай Дүйсекованың әпкесі Закира Ахметова.
Қайғыдан құса болған ана көздің қарашығындай қорғап, мәпелеп өсірген қызының бұл өмірде жоқ екеніне әлі де сенер емес. Тірісінде жаны барға жат пиғыл танытпаған Арайлым өткен жексенбіде өмірден өткен. Марқұмды некедегі күйеуі бірнеше жерінен пышақтап, аяусыздықпен өлтіріп тастапты. Сондағысы - қос баласын бауырына басқан әйел намаз оқып, хиджап киюден бас тартқан.
"Хиджап кигізіп қоямын дейтін. Сені құрбандыққа шаламын деп қорқытқан. Арманына жетті. Тал түсте, әкесі мен шешесінің көзінше пышақтап, өлтіріп кетті. Шамамыз келмей қалды", - деді марқұмның анасы Әлима Ахметова.
Ерлі-зайыпты осыдан 6 жыл бұрын отау құрған. Бір ұл мен бір қыздары бар. Бастапқыда Шиеліде тұрған. Кейін, қайын жұртымен осы Дәулет ауылына көшіп келген. Үйлерін биыл салып бітірген. Марқұмның туыстары күдікті Бақтыбай Болатбаевтың ара-тұра намаз оқып, жақындарын Алла жолына түсуге үндеп жүргенін айтады. Кейін келе, Сириядағы радикалды топтардың ғаламтордағы видеосын көруге әуестенген. Тіпті, атыс аймағына барып, "жиһад" жолына түсемін дейтін кездері де болған.
"Қызым қашқан ғой, анау артынан барып ұстап алған. Сыртта пышақтапты. Сөйтіп қызыма қарай жүгірдім. Барсам, екі жерінен пышақ ұрыпты. Артынан қуа алмадық. Бірден жедел жәрдем шақырдық. ГРЕС-тің ауруханасына апардық. Бірақ жаны шығып кеткен", - деді марқұмның әкесі Әділхан Дүйсеков.
Қанды қырғын осыдан 3 күн бұрын болды. Әйелімен ажырасқанына 2 ай болған Бақтыбай Болатбаев түскі 2-лер шамасында Дәулет ауылындағы бұрынғы тұрған үйіне келіп, қайын атасына пышақ ала жүгірген. Қарсылық танытқан ақсақалдың бетін жырып, көзіне газ балонын шашыпты. Сол мезетте, әйеліне қарай жөнелген.
Қандықол қылмысқа бармас бұрын, өз жоспарын тиянақты жүйелеген. Үй құрылысы кезінде мына тастарды тап терезенің түбіне үйіпті. Марқұмға пышақ ала жүгірген кезде, әуелі осы тастарға шығып, ізінше терезені шаққан күйі ішке еніп кеткен. Марқұмның туыстары барлығы әп-сәтте болды, сондықтан түкті де түсініп үлгермедік дейді.
Ерлі-зайыптылар арасында осыған дейін де түрлі кикілжіңдер болған. Марқұмның туыстары 6 жыл бойы күйеуі Арайлымға күн көрсетпеді деп отыр. Көкала қойдай қылып сабап, тепкінің астына алады екен. Тіпті, құрбандыққа шаламын деп сес көрсеткен. Жәбір көрген әйел полицейлерге арыз түсіріп, талай рет шағымданған да. Бірақ, қандықолды сол күйі қамата алмапты.
Қанды оқиғадан құлақдар болған дінтанушылар жағаларын ұстап отыр. Олар адам өлтірген күдіктінің әрекеті исламдыққа мүлде жат дейді. Шамасы, некедегі әйелін өз қолымен өлтірген ол жат ағымның жетегінде кеткен.
"Марқұмның артында 2 баласы қалды. Ұлы 5 жаста, ал, кенже қызы 3-те. Олар енді нағашы ата-апасының қолында болады. Бір анығы - күдіктіге қатысты адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған", - деді "Шаңырақ" оңалту, кеңес беру және алдын алу орталығының директоры Мирхат Мадияров.