Редакциямызға Алматы облысы Панфилов ауданы Көктал ауылының 44 жастағы тұрғыны Қуаныш Укаров хабарласып, өз қаражатының жоғалғаны жайлы оқиғаны баяндады.
Редакциямызға Алматы облысы Панфилов ауданы Көктал ауылының 44 жастағы тұрғыны Қуаныш Укаров хабарласып, өз қаражатының жоғалғаны жайлы оқиғаны баяндады.
Оқиға 2016 жылдың 27 маусымында "24 сағат" дүкенінде болған. Ол "Астана плат" акционерлік қоғамында инкассатор болып жұмыс істеп жүріп, 1 116 520 мың теңге көлеміндегі қаражаттың қолды болғаны жөнінде жағдайын баяндап берді. Дүкенге қызметін орындау үшін келген инкассатор қызметшісі жалпы сомасы 3 миллион жеті жүз мың теңге көлемінде қаражаты бар қапты осы дүкенде ұмыт қалдырған, бірақ ұмытқан затына қайта айналып келгенде дүкенде ақша салынған қапшығын таппай қалған. Алайда аудандық ішкі істер бөлімінің жедел тобы келгенде бұл қаражат табылады. Укаров осы табылған қапта 1 116 520 мың теңге көлемінде қаражаттың жеткіліксіз екенін байқаған.
"Бар мәселе ақша салынған қапшықтың табылған сәтінде болған сияқты. Әуелде қапшық табылған сәтте сатушы қыз бір жерді айтты, кейін полицейлер басқа жерден табылғанын айтқан. Тіпті түсініктемелерінде де қапшықтың қайдан табылғанында қайшылықтар бар. Дүкенші қызға сенеміз бе, полицейге сенеміз бе? Жалпы дүкенші қыз мен дүкенге қайта келіп, ақша салынған қапты сұрағанымда неге білмеймін деп, ал құқық қорғау органдары келгенде тауып бере қалды? Меніңше, бұл жерде де шикілік бар сияқты", - дейді Укаров.
Сонымен қатар, оның айтуынша, жоғалған заттың табылғаны туралы акт дұрыс толтырылмаған. "Мен бұл құжаттарды көрмедім де. Сосын тергеушілер жоғалған қапшық табылғанда қай полицейге берілгенін де сұраған жоқ. Заң бойынша, табылған заттың қайда, қалай табылғаны жөнінде акт толтырылып, куәгер де шақыртылуы керек еді, жедел уәкіл бәрін суретке де түсіруі тиіс болған. Бірақ ештеңе де жасалмады. Сондықтан меніңше, осы сәттерде бір шалалық болды деп есептеймін. Енді бұл қаражаттың кімнің қолды қылғаны да белгісіз, тексеріс те дұрыс жүргізілмеді. Айналып келгенде, ақшаға мен жауапты болып қалып отырмын, ал ұрлаған адам табылмай, іс жабыла салып отыр", - дейді ол.
Айтуынша, қазіргі уақытта ол жұмыстан шығарылған. Оның үстіне, айтуынша, жұмыс берушісі қаражатты қайтару үшін Укаровты сотқа беруге ниетті екен.
Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына берген жауабында Алматы облысы ішкі істер департаментінің өкілдері бұл мәселені Тергеу басқармасының қызметкерлері қарағанын хабарлады. "Хатта көрсетілген сұранысқа сәйкес жәбірленуші К.Укаровтың оқиғасына қатысты дүкенші әйелдің әрекетінің заңдылығы тексерілді, яғни куә ретінде сұралып, жауабы алынды. Дүкеннен ақша табылған сәттегі полиция қызметкерлерінің әрекетінің заңдылығы тексеріліп, қызметтік тексеріс жүргізілуде", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Тергеу басқармасындағылар К.Укаровтың арызының негізінде қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары қажетті деңгейде жүргізілгенін, алайда қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам анықталмағандықтан, сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР ҚПК-нің 45-бабы 7 бөлігі 1 тармағына сәйкес мерзімі үзілгенін еске салып отыр.